"Қараусыз қалған": БҚО-да екі бала құдыққа құлап, мерт болды (фото)

Опубликовано:

Құдық
Фото: Орал апталығы

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында екі бала құдыққа құлап, қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Орал апталығы газетіне сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай Бірлік ауылдық округіне қарасты Шошай қыстағында орын алған. Бұл ақпаратты Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті растап отыр.

"12 тамызда сағат 00:20-да 2017 және 2019 жылы туылған балалардың құдыққа құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. 11 тамызда сағат 15 шамасында қараусыз қалған балалар тереңдігі үш метр құдыққа құлап кеткен. Сағат 18:30-да жергілікті тұрғындар мәйіттерді тауып, алып шыққан",-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сонымен қатар бірқатар сараптамалардың тағайындалғаны белгілі болды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Балиде 29 жастағы британдық Джейкоб Робертс төрт метр тереңдіктегі құдыққа түсіп кетіп, ол жерде нәр татпай алты күн отырғанын жазған болатынбыз. Ер адам бұндай жағдайға иттен қашамын деп душар болған.

Осыған ұқсас жағдай Қостанай облысында да орын алды. Федоровка ауылы маңындағы Жаман Жаркөл көлінде шаңғы жарысына қатысқан алтыншы сынып оқушысы құдыққа құлап түсткен.

Оқиға орнына келіп жеткен азаматтық қорғау сержанттарының бірі оқушы құлаған жерде жай шұңқыр емес, іші суға толы құдық екенін көрген. Ол дереу құдық түбіне түсіп, алтыншы сынып оқушысын тысқа алып шыққан.

Оқушы қызды сол арада жедел жәрдем қызметкерлеріне беріп, оған тиісті көмек көрсетілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1869347-karausyz-kalgan-bko-da-eki-bala-kdykka-klap-mert-boldy-foto/