Оралда ұшу аппараты жерге құлап түсіп, ұшқыш қаза тапты (фото)

Опубликовано:

Ұшақ
Фото: ТЖД

Бүгін таңғы уақытта Оралда бір орындық қолдан жасалған ұшу аппараты құлап түсті. Оның ішінде болған ұшқыш қаза тапты. Бұл туралы БҚО ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 28 тамыз күні сағат таңғы 08.30-да Орал қаласының "Казинское" бау-бақша серіктестігінің маңында бір орындық қолдан жасалған ұшу аппараты құлап түсті.

Апат орны
Фото: БҚО ТЖД

Ұшақ ішінде 69 жастағы ұшақ қожайыны болған. Әуе апаты салдарынан ұшқыш тіл тартпай кетті. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері және төрт көлік дереу жөнелтілген болатын. Өкінішке қарай, ұшқышты құтқарып қалу мүмкін болмады.

"Бір орындық ұшақтың құлауы салдарынан ұшқыш жедел жәрдем келіп жеткенге дейін қаза тапты. Өзге зардап шеккендер жоқ", - дейді Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін 26 ақпан күні түсте Шығыс Қазақстан облысы орталығының әуежайы маңында АН-2 ұшағы құлаған болатын. Апаттық қону кезінде оның қозғалтқышы өртенген.

Апат орны
Фото: БҚО ТЖД

Авиациялық әкімшіліктің хабарлауынша, бортта бес адам болған. Олардың үшеуі - экипаж мүшелері, екеуі - қызметтік жолаушылар. Абырой болғанда бұл оқыс жағдайдан қаза тапқандар мен зардап шеккендер болмаған. Ведомствоның мәліметінше, құлаған ұшақ "Орлан 2000" әуе компаниясына тиесілі. Ол Өскемен - Ақсуат бағытында санитарлық тапсырма бойынша рейс орындаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1871584-oralda-su-apparaty-zerge-klap-tsip-skys-kaza-tapty-foto/