Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мәйітті тоңазытқышқа тықты": Меркіде педофил үш жастағы баланы азаптап өлтірген

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Жамбыл облысында үш жастағы баланы зорлап, оны асқан жауыздықпен өлтірген алпыстан асқан ер адамның ауыр қылмысқа не себепті барғаны белгілі болды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

2015 жылдың 16 мамыры Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылының тұрғындары үшін өмірдегі ең қорқынышты күн болды.

Аулада ойнап жүрген үш жасар ұлы кешке үйіне оралмаған соң анасы дабыл қағады. Баласының сұмдық жағдайға ұшырағаны әйелдің ойына кіріп те шықпаған еді: тек өз қатарластарымен ойынның қызығына түсіп кетті деп ойлапты.

Оны ойын алаңқайынан таба алмағаннан кейін ғана бірден күйеуіне қоңырау соғады.

Ауылда мал дәрігері болып жұмыс істейтін ер адам бар жұмысын тастай сала, дереу үйіне келеді, артынша әйелімен ұлын іздеуге шығады. Елді мекендегі үйлерді бірнеше сағат бойы аралайды. Тек кешке жақын қатты қорыққан ерлі-зайыптылар баланың жоғалғанын полицияға хабарлайды.

  • Тәртіп сақшылары аз уақыттың ішінде ауқымды жедел-іздеу шараларын ұйымдастырады. Оған құтқарушылар мен әскери қызметкерлерді тартады. Баланы іздеуге жергілікті тұрғындар да атсалысады.

Барлығы ауылдың түкпір-түкпірін, қираған үйлерді, шаруашылық қора-жайларды, есік-тесіктің барлығын мұқият тексеріп шығады. Бірақ үш жастағы ойын баласы еш жерден табылмайды.

  • Жазатайым оқиға болуы мүмкін деген болжамды қарастырған құтқарушылар сүңгуірлерді де іздеу жұмыстарына тартады, осылайша ауыл маңындағы өзеннің арнасы мен жағалауын сүзіп шығады. Бірақ ол жер астына кіріп кеткендей еш жерден табылмады.

Келесі күні таңғы сағат алтыда үш жасар баланы іздеу қайта жалғасады. Барлығы оның тірі екеніне, үйге аман-сау оралатынына сеніп, үміт үзбейді. Алайда, арада бірнеше сағат өткеннен кейін бұл үміттің күл-талқаны шығады.

Сағат 11-лердің шамасында ерлі-зайыптылардың шаңырағына ұлының денесін қолына ұстаған күйі көршісі келеді.

Егде жастағы әйелдің сөзінше, баланы қираған әжетхананың шұңқырынан тауып алған.

Бір күн бұрын үш жастағы баланы іздеген құтқарушылар да, полиция қызметкерлері де, ата-анасы да бұл жерде мұқият тексеріп шыққан. Бірақ, ол жерден ештеңе таппаған еді.

Полицейлер баланың неден өлгенін ерлі зайыптылардың үйіне сот-медицина сарапшылары келместен бұрын білді. Баланың мойнында іздер болған, яғни оны буындырып өлтірген. Бірақ оны кім және не үшін істегені әлі де белгісіз еді.

Жасұланның мәйітін криминалистер мен сот-медицина сарапшылары зерттеп жатқанда, тергеушілер көршіден жауап алып, баланы қалай тауып алғанын білуге тырысады. Алайда оның мардымсыз жауабы бірден күдік тудырады. Әйел өзінің берген жауабында бірнеше мәрте шатасады. Ақырында оған баланың мәйітін өзінің ауласындағы істен шыққан ескі тоңазытқыштан тауып алғанын мойындауына тура келеді.

Әйелді мұқият тыңдаған тәртіп сақшылары оны күдіктілер тізіміне қосып қоюды ұйғарады, дегенмен кішкентай баланы өлтіруге дәті барды дегенге де сене қоймайды.

  • Кешке жақын мамандар үш жастағы баланы өлтірмес бұрын қылмыскердің оны асқан жауыздықпен зорлағанын анықтайды.

Тәртіп сақшылары әйелді және оның күйеуін қамауға алу үшін нақты дәлел жоқ екенін түсінді. Сол себепті жергілікті тұрғындар, оның ішінде балалардан қайта жауап алу қажет деген ұйғарымға келеді. 

Сұрастыра келе шынымен де, сол күні үш жастағы ұлды алпыстан асқан ер адамның алып кеткенін екі оқушы қыз көрген болып шықты. Олардың сөзінше, көршінің іс-әрекеті оғаштау көрінген. Алтыбақанда тербеліп отырған баланы қолтығына қыстырып, өз үйі жағына алып кеткен.

Оқушылар бұған аса мән бермеген екен, өйткені қарияның кішкентай ұлдың көршісі екенін білетін. Үш жастағы баланы ол ата-анасының өтінішімен алып кетті деп ойлайды.

Бұл жауаптың анығын тексеру үшін тергеушілер күдіктіні мектеп оқушыларына көрсетеді. Олар еш бөгелместен сол күні алпыстан асқан ер адамды көргенін айтады.

Осыдан кейін полицейлер күдікке ілінген отбасының баспанасын қайтадан тінтуге кіріседі, бұл жолы үйдің бұрыш-бұрышын толықтай тексеріп шығады. Тыңғылықты жұмыстар өз нәтижесін береді: криминалистер үйдің кіреберісінен және бала жоғалған күні ер адамның үстінде болған киімнен бірнеше тал шаш тауып алады, кейін зерттеу барысында оның кішкентай балаға тиесілі екені анықталды.

Мұндай дәлел-дәйектер күдіктінің қолын кісендеуге жеткілікті еді.

Тергеу амалдары жүргізілген кезде ер адам өзін аса сабырлы ұстайды. Алайда, тергеушілер қылмыс жасалған жерге қайтадан алып барамыз дегенде оның бойын қорқыныш пен үрей билейді. Себебі, ол ауылдастардың жазасынан қатты қорықты. Полиция қызметкерлері де мұны жақсы түсінді, сондықтан тергеу амалдары жүргізілген жерді қоршап, оған ешкімді жолатпады.

Егде жастағы адамның осыншалық жантүршігерлік қылмысқа неге барғаны белгісіз күйі қалатын секілді. Ол өзі бұл іс-әрекетін былайша түсіндірді: бірнеше жыл бұрын жол апатына ұшыраған. Айтуынша, соның салдарынан миы қатты шайқалып, ара-тұра басы қатты ауыратын болған.  Мұндай сәттерде күдікті өзінің іс-әрекетіне есеп бере алмай қалады екен. Сондықтан сұмдық қылмысын осындай кезекті бір ұстамамен байланыстырды.

Қылмыскердің сөзінше, алтыбақанның жанына келген кезде үш жастағы бала одан қорықпаған.

Ол сол уақытта үйде мүгедек арбасына таңылған кішкентай немересінен басқа ешкімнің жоқ екенін, әйелінің әлдебір шаруалармен шығып кеткенін білді.

Үй иесі өзінің қандай ауыр қылмысқа барғанын артынан түсінеді. Сондықтан баланың мәйітін қайда жасырарын білмей басы қатады. Егер мәйітті ауылдың ішімен шығарып, өзенге апарып жасырса, оны әлдебіреулер көріп қоятыны анық еді.

Сөйтіп, үй ішінде ерсілі-қарсылы жүрген оның көзіне аулада тұрған ескі тоңазытқыш түседі. Қылмыскер көп ойланбастан баланың денесін сол жерге жасырады.

Ер адам кінәсін мойындаған соң полицейлер кейбір жайтты нақтылауға көшеді. Айталық, оның әйелі шын мәнінде болған оқиғадан хабарсыз ба, әлде тергеуді шатастыру үшін бәрін жасырды ма деген күдікті тексереді.  

Бұл сауалдың жауабын алпыстан асқан айыпталушының өзі береді. Айтуынша, өзінің қандай ауыр қылмысқа барғанын сол күні кешке құтқарушы топпен бірге баланы іздеп келгеннен кейін әйеліне айтқан.

Жантүршігерлік қылмысқа қатысты сот процесі 2015 жылдың күзінде болды.

Үш жастағы баланы зорлау және өлтіру ісі бойынша үкім 2015 жылдың 7 қазанында шығарылды. Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Әйелі ауыр қылмысты жасырғаны және тергеу амалдарын шатастыруға тырысқаны үшін 5 жылға сотталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1874625-mjitti-toazytkyska-tykty-merkide-pedofil-s-zastagy-balany-azaptap-ltirgen/

pixel