Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі қыздар төбелесі: үш директор да қызметінде қалды

Опубликовано:

оқушы қыз 1
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ақтөбеде қыздар төбелесінен кейін бір күнде жұмыстан кетуге арыз жазған үш мектептің директоры қызметінде қалды деп хабарлайды Kaz.nur.kz.

Ақтөбеде құрдасының шашынан сүйреп, елдің жағасын ұстатқан хиджабтағы қыздың әрекетіне қатысты тергеу, талдау жұмыстары жүріп жатыр. Облыстық білім басқармасы тәрбие жұмыстарын зерделеу үшін бір топ маманды ауданға арнайы жібермек. Әзірге тек оқиғаны дер кезінде облысқа хабарламаған Темір аудандық білім бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды.

Ал оқиғадан соң өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған үш мектептің директоры қызметінде қалды.

Басқарма мамандарының айтуынша, ауданда жасақталған комиссия тексеру жұмысын сапасыз жүргізіп, асығыс шешім шығарған.

"Темір ауданында болған жайға қатысты ақпарат облыстық білім басқармасының назарына өте кеш жеткізілді. Оқиғаға қатысты аудандық білім бөлімі, аудандағы ішкі істер бөлімі, аудандық прокуратура тарапынан зерделеу жұмыстары жүрген. Қазіргі таңда үш директорды да орнынан босату негізсіз болғандықтан, шешім жойылды.
Негіз болу үшін толық зерделеу жұмыстары жүру керек. Аудандық білім бөлімі тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстары өз дәрежесінде емес. Еңбек кодексіне сай директорлар үш күннің ішінде арыздарын қайтарып ала алады. Қазір өз міндеттерін атқарып отыр", – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Қазіргі уақытта төбелеске қатысқан 10 қыздың ата-анасының жұмыс орнына білім басқармасы тарапынан хат жолданды. Бұзықтық жасаған қыздарға және олардың ата-аналарына қандай шара қолданылатыны тергеу жұмыстары аяқталған соң ғана белгілі болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін хиджаб киген мектеп оқушысының қатарласын ұрып жатқан видеосы желіде тарап кеткен еді.

Кейін аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1876351-aktbedegi-kyzdar-tbelesi-s-direktor-da-kyzmetinde-kaldy/

pixel