Павлодарда ер адам подъезде бойжеткенге шабуыл жасап, азық-түлігін тартып алған (видео)
Опубликовано:

Павлодарда Малайсары батыр көшесіндегі үйдің подъезінде ер адам қызға шабуыл жасап, қолындағы пакеттерін беруін талап еткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейнебақылау камерасына түсірілген кадрларда подъезге кірген бойжеткеннің артынан ер адамның ілескені көрінеді.
Ол бейтаныс аруды әңгімеге тартып, қалтасынан пышақ алып шыққан. Осылайша қаскөй пакеттерін тартып алып, сыртқа шықпақ болған.
Қыз оның артынан еріп, кадрларға қарағанда, сөмкесін қайтарып беруін сұраған. Ер адам келісіп, затын берген соң қашып кеткен.
Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша, жәбірленуші бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары күдіктіні іздеп, ол 20 минуттан соң табылған.
Анықталғандай, 35 жастағы ер адам тартып алған пакетте азық-түлік болған. Күдікті оны пайдаланып үлгермепті.
Полицияның мәліметінше, шабуыл жасаған ер адам бұған дейін осыған ұқсас қылмыстары үшін сотты болған. Ал аталған қылмыс жасалған кезде ол мас болыпты.
Қазіргі уақытта тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетсек, Павлодарда балалар алаңында адам өлтірді деген күдікпен ер адамның ұсталғанын хабарлаған едік. Тәртіп сақшылары бұрын сотталған 30 жастағы жігітті қамауға алған.
Сонымен қатар Павлодарда ер адам суретке түсіруден бас тартқан көршісін ұрып тастағанын жазған болатынбыз.
Полицияның хабарлауынша, Павлодар тұрғыны көршісінен өзінің ұялы телефонына суретке түсіріп жіберуін өтінген. Мас көршісі суретті тегін түсіруден бас тартып, өз қызметі үшін бір бөтелке арақ сұраған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1881914-pavlodarda-er-adam-bojzetkenge-podezde-sabuyl-zasap-azyk-tligin-tartyp-algan-video/