Түркияда апаттан қаза тапқандар саны 24 адамға жетті
Опубликовано:

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 24 адамға жетті деп хабарлайды Хабар 24.
Түркияда болған жер сілкінісінен жапа шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Еліміздің сыртқы істер министрлігі осындай ақпарат таратты. Ал Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі осы елдегі азаматтарымызға көмек беруге дайын екенін хабарлады.
Соңғы мәліметке сәйкес, Эгей теңізі аймағындағы табиғи апаттан 24 адам көз жұмды. Тағы 800-ден астамы жарақат алған. Дүмпудің күші 6,6 балға жетіп, 30 секундқа ұласқан.
Елдің ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Измирдің Байраклы және Борнова аудандарында кемі 20-дан астам тұрғын үй жермен- жексен болған.
Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Мұнан бөлек жүздеген тұрғын үй мен мекемеге зақым келген. Зілзала болған ғимараттардың жанында тұрған көліктер үйінді астында қалды. Мамандар 6 балдан жоғарғы жер сілкінісінен кейін тағы да 5 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп ескертті. Сондықтан азаматтарды біраз уақыт тыста болуға шақырып отыр. Айта кетерлігі, Измир - Түркияның үшінші ірі қаласы.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Измир провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтар туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1882456-trkiada-apattan-kaza-tapkandar-sany-24-adamga-zetti/