Азаптау белгілері бар: Павлодар тұрғыны пәтерден әйелі мен үш баласының денесін тапты
Опубликовано:

9 қараша күндіз сағат 12:00-де полицияға Павлодардағы Айманов көшесінің бойында орналасқан пәтерден әйелі мен үш баласының денесін тапқан ер адамнан қоңырау түскен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ өңірдің полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнына тез арада жеткен жедел тергеу тобы пәтерге келген үй иесі ішінен кілттеулі есікті аша алмағанын анықтаған.
Ол көршілерден болгарка сұрап, есікті бұзып кірген. Ал бөлмеден әйелі мен үш кішкентай баласының (2013, 2015 және 2017 жылы туған) денесін көрген.
Марқұмдардың денесінде азаптау белгілері бар. Отбасы бірге тұрған, балалары ортақ. Пәтер шашылмаған.
Аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі (Екі немесе одан да көп тұлғаның өлімі) бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның егжей-тегжейі анықталып жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Павлодар облысы аумағында КамАЗ-дың карьерге түсіп кетуі салдарынан жүргізуші мен оның қасында отырған адам қаза болғанын жазған едік.
Қайғылы жағдай 6 қарашада жұмыс уақытынан тыс уақытта, таңғы сағат 8-де Павлодар қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестің бірінің аумағында болған.
59 жастағы жүргізуші мінген КамАЗ артқа жүріп келе жатқан уақытта тереңдігі 6-7 метрлік шұңқырға құлап кеткен.
Сондай-ақ Павлодарда Малайсары батыр көшесіндегі үйдің подъезінде ер адам қызға шабуыл жасап, қолындағы пакеттерін беруін талап еткенін де хабарлағанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1883757-azaptau-belgileri-bar-pavlodar-trgyny-pterden-jeli-men-s-balasyny-denesin-tapty/