"Беті тілінген": Алматыда 34 жастағы әйелді көлікте аяусыз пышақтап өлтіріп кеткен
Опубликовано:

Алматы облысында 34 жастағы әйелді көлікте пышақтап өлтіріп кеткен. Бұл ақпарат "НеМолчи.kz" қорының Facebook парақшасында пайда болды.
Қор ақпарынша, оқыс оқиға 13 қараша күні болған. Күйеуі әйелі мен бір жасар қызын Қапшағай тас жолындағы "Магнум" сауда орталығына апарған. Ал қайтар жолда дәрет сындырғысы келіп, жолдан 300-400 метр елсіз жерге бұрылған.
Азамат көлікке қайтып келгенде әйелі өлі күйінде тапқан. Ол тіпті, жұбайының анасына хабарласып, қызын өлтіріп кеткенін хабарлаған.
Ал марқұмның туыстары оны абайсызда біреу өлтірді дегенге сенбейді. Олар келіншектің күйеуі үнемі агрессия танытқанын айтып отыр. Сөздерінше, ол бір жасар қызын ұрлап, Ресейге алып кетемін деп қорқытып жүрген.
Марқұмның анасы әдетте азық-түлікке тек күйеу баласы баратынын да жеткізген. Одан бөлек, қылмыс эпизодтарын күйеуінің кетуіне тосқауыл болып, жедел жәрдем мен полиция шақыртқан куәгерлер көрген. Содан кейін ғана азамат марқұмның анасына хабарласып, қаралы жайтты жеткізуге мәжбүр болған.
"Оны тұншықтырған, адам танымастай пышақтаған. Беті тілінген, денесінде он шақты пышақ жарақаты бар. 2020 жылдың 14 қарашасындағы №263 қайтыс болу туралы медициналық куәліктің қорытындысы бойынша, өлімнің себебі - көп қан жоғалту, тамырлардың зақымдануымен мойнынан алған жарақаттар. Оның ақшасы мен жеке заттары өзінде қалған. Ал бала көлікте болған. Елсіз жерде әйелін аяусыз өлтіріп жатқанда, күйеуі "дәрет сындырдым, ештеңе көрмедім, естімедім" дейді", - деп ашынды марқұмның анасы.
ҚазАқпарат дерегінше, бүгінде әйел адамның өліміне күдіктілер қолға түскен.
"Қазір бұл қылмысқа күдікті ретінде 37 жастағы және 34 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар аса ауыр қылмысты жасағанын мойындады", - дейді Алматы облыстық полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалы басталған.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында тонау барысында дүкен қызметкерлеріне пышақ жарақатын салған күдікті іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ оңтүстік астанада досының өліміне айыпталған азаматқа үкім шыққанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1886427-beti-tilingen-almatyda-34-zastagy-jeldi-klikte-aausyz-pysaktap-ltirip-ketken/