Елордада сүйіктісін тонап кеткен таксист ұсталды

Опубликовано:

ғашықтар1
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтанда бойжеткенмен танысып, оны тонап кеткен 28 жастағы таксист ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорда тұрғыны полицияға жүгініп, такси қызметін пайдаланған кезде ер адаммен танысқанын айтқан. Олардың арасында романтикалық қарым-қатынас басталған.

"Кездесулердің бірінде зардап шегушінің пәтерінде болған жас жігіт үш ұялы телефонды қолды қылған", - дейді құзырлы орган өкілдері.

Полиция департаментінің мәліметінше, таксист екі iPhone 12 мен Samsung Galaxy А21 телефонын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын 1 млн 879 мың теңге.

Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ұсталған ер адам өз кінәсін мойындаған. Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылған.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Полиция қызметкерлері бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға және жақсы танымайтын адамдарға сенбеуге кеңес береді.

Еске сала кетсек, бұған дейін елордада 2011 жылы Санкт-Петербургте кісі өлтірді деп күдіктелген 33 жастағы ресейлік қолға түскен еді.

"Халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні полицейлер жедел-іздестіру шарасы барысында құрықтады. Ол қылмыстық жазадан 10 жыл бойы жалтарып жүрген. Соңғы жылдары Қазақстан аумағында басқа есіммен, басқа құжатпен жүрген. Ел қатарлы өмір сүрген, отбасылы болған. Тіпті, елордадағы мейрамханалардың бірінде бас аспаз қызметін атқарған", - дейді ведомстводан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1906251-elordada-suiiktisin-tonap-ketken-taksist-ustaldy/