Алматыда екі бала мен әжесі шұңқырға құлап көз жұмды: Оқиғаның мән-жайы анықталды (видео)
Жарияланған күні:
Алматыда дәретхана шұңқырына құлап кеткен екі бала мен олардың әжесі қайтыс болған еді. Алматы қаласының полиция департаменті кеше болған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, құзырлы органға хабарлама кешкі сағат 8-де түскен. Патрульдік полицияның екі экипажы дереу оқиға орнына аттанған.
"Бізге бірнеше адам көшедегі дәретхана шұңқырына құлап кетті деген хабарлама келді. Дәретхананың жабындысын алып тастатып, шұңқырға баспалдақ түсірген. Бірінші болып шұңқырға полиция капитаны Мұрат Кәкібеков түсті. Біз баспалдақ пен оны мықтап ұстап тұрдық. Шұңқырдың тереңдігі шамамен 3 метр, оның 1,5 метр деңгейі толған.
Мұрат ер адамның қолынан ұстап үлгерді. Сөйтіп оны шығарып алды. Капитан Кәкібековті бірден полиция аға лейтенанты Мадияр Төлембаев алмастырды. Ол төменге түсіп, бір жасар қызды алып шықты, алайда өкінішке қарай бала көз жұмды.
Осы кезде құтқарушылар келді. Олар арнайы құралдарды қолданып, 56 жастағы әйел мен 12 жасар баланың денесін алып шықты. Бұл жағдай отбасы үшін өте ауыр, орны толмас қайғы", – дейді оқиғаны егжей-тегжейлі баяндаған полиция капитаны Асыл Разбек.
Құтқарылған ер адам жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.
Полиция оқиғаның қалай болғанын болжап көрді. Алдын ала болжам бойынша, бір жасар бүлдіршін көшеде ойнап жүріп, даладағы дәретхананың шұңқырға түсіп кеткен.
Мұны көрген қыздың 12 жастағы ағасы мен 56 жастағы әжесі көмекке ұмтылып, олар бүлдіршінді шығарып алмақ болған, бірақ өздері шұңқырға түсіп кеткен. Осы кезде балалардың 41 жастағы әкесі көмекке келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1920370-almatyda-eki-bala-men-azesi-sunqyrga-qulap-koz-zumdy-oqiganyn-man-zaiy-anyqtaldy-video/