Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қош бол, жан әкем": Олимпиада қарсаңында белгілі балуанның әкесі көз жұмды

Опубликовано:

Данияр Қайсанов
Данияр Қайсанов: prosports.kz

Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі, екі дүркін Азия чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Данияр Қайсановтың әкесі Әлібек Қайсанов өмірден өтті. Бұл туралы отандық спорт парақшалары мен балуанның өзі әлеуметтік желіде хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Орны толмас қайғы... Еліміздің белді балуаны Данияр Қайсановтың әкесі, танымал бапкер Әлібек ағамыз өмірден өтті деген суық хабар жетті Семейден. Әлібек ағамыздың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты Данияр мен оның туыстарына қайғырып көңіл айтамыз", - деп жазды kazakhstan_wrestling парақшасы.

Балуанның өзі әлеуметтік желіде әкесінің видеожазбаларын жариялап, "Қош бол, жан әкем!", "Қандай адам едің, сенің өмірің мені күтумен өтетін" деп жазба қалдырды.

Осы орайда, көптеген спортшылар мен жанкүйерлер Данияр Қайсановқа көңіл айтуда. Балуанның әкесі оны спортқа жетелеп әкеліп, оның биік белестерге жетуіне бапкер ретінде үлес қосқан. Әзірге, марқұмның неден қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ.

Данияр Қайсанов еркін күрестен Токио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайды. Ол 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Данияр 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы және 2019 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері.

Екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Қайсанов қола жүлде үшін кездесуде Франция атынан белдесетін дағыстандық Зелимхан Хаджиевтен бір ұпай айырмашылығымен жеңілген болатын. Алайда, кейін Хаджиевтің допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылып, жақында әлем чемпионатының қола жүлдесі ресми түрде Қайсановқа табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1921067-qos-bol-zan-akem-olimpiada-qarsanynda-belgili-baluannyn-akesi-koz-zumdy/

pixel