Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында қайынәпкесі жарымжан келінінің бетін шанышқымен күйдірген (фото, видео)

Опубликовано:

Зардап шеккен келіншек
Қайынапасы шанышқымен күйдірген келіншек. Фото: facebook.com/gulmira_abikay

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай Facebook желісіндегі парақшасына түркістандық келіншекке қатысты жантүршігерлік оқиғаны жария етті. Журналистің жазуынша, қайынәпкесі келіншектің бетін ыстық шанышқымен күйдіріп, оған аяусыз зәбір көрсеткен. Дамуында ақауы бар әйелдің мұндай күйге душар болғанын көрген сіңілісі дабыл қағып, Гүлмира Абықайға хабарласқан деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысының тұрғыны Гүлзираның оқиғасын журналист өзінің парақшасында егжей-тегжейлі баяндап берді. Айтуынша, оны қайынәпкесі газплитаны жумағаны үшін осылай жазаламақ болған.

"Жалпы, заман дамыған сайын адам баласының жауыздығы да арта ма дедім. Фотодағы 40-қа толмаған келіншек. Есімі - Гүлзира. Газплитаны жумадың деп күйеуі емес, қайынәпкесі вилканы отқа қыздырып бетіне басқан. Оқиға Түркістан облысында болған", - деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Журналистің жазбасына сүйенсек, Гүлзира ақыл-есі кеміс болып туған және жастайынан әке-шешесінен жетім қалған. Кейін ол өзі секілді дамуында ақауы бар жанмен шаңырақ көтеріп, екі баланың анасы атанған.

Сіңілісі Гүлзираны "агрессиясы жоқ, жұмысқа төзімді, еңбекқор, сауаты жоқ, ақша санай алмайды, кім не айтса соны істеп еріп кете береді" деп сипаттайды. Қазіргі таңда келіншек ата-енесімен және қайыпәпкесімен бірге тұрады.

"Адам баласының көзіне тіке қарай алмайтын, өз сөзін жеткізе алмайтын келінге бәрінен бұрын қайын әпкесі Бағила қуанғандай. Гүлзира бәрін істейді, шаршағанын, қарнының ашқанын білмейді, құдды робот. Бағила жекіп, ұрсып, кейіннен ұрып үйренді. Келін ешкімге айтпайды не қашпайды, құда да тыныш құдағи да тыныш. "Газ плитаны жумағанды көрсетем" деп, шанышқыны отқа қақтап бетіне басуы енді шектен шығу! ", - дейді жантүршігерлік оқиғаны баяндаған Гүлмира Әбіқай.

Гүлзираның мұндай жағдайға душар болғанын оның сіңілісі Гүлдарина кездейсоқ көріп, журналиске хабарлаған. Ол әпкесінің беті терісі қабынып кеткенімен, оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмегенін айтып отыр.

Бауырының азып-тозған кейпін көрген сіңілісі оны кішкентай баласымен үйіне алып келіп, ауруханаға апарған.

"Алайда, полиция неге арызды әлі тіркемеген мұны Түркістан облысының полиция департаментінен білетін боламын", - деп жазды журналист.

Сіңілісінің сөзіне сүйенген Гүлмира Әбіқайдің сөзінше, жарымжан келіншек өзіне берілетін жәрдемақының қанша екенін де, қайда кетіп жатқанын да білмейді. Себебі, барлық құжаттар оның қайынәпкесінің қолында екен.

Сонымен бірге, журналист бұл жайтты отбасылық кикілжің емес, адамды қорлау әрі қылмыс деп бағалап, тиісті органдардың араласуын сұрады. Қазіргі таңда аталған оқиға қоғамда резонанс тудырып отыр.

Айта кетерлік жайт, артынша журналист парақшасында келіншектің қайынәпкесінің халықтан кешірім сұраған видеосын да жария етті. Видеода ол "келінімді байқаусызда күйдірдім" деп ақталып, халықтан кешірім сұраған.

"Келініме вилка басқан кезде байқамай қалдым. Ыза-күйікпен, ашуланып істедім. Істеген себебім, шешем газплитаны "жу" деген екен, ол жумапты. "Неге сен жумайсың, жуа салмайсың ба" дедім. Одан кейін вилканы қалай плитаға қыздырып, басқанымды өзім байқамай қалдым. Бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұраймын", - дейді ол видеоүндеуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1923278-turkistan-oblysynda-qaiynapkesi-zarymzan-kelininin-betin-sanysqymen-kuidirgen-foto-video/

pixel