Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында қаза болған полицейлердің отбасына 5 млн теңгеден берілмек

Жарияланған күні:

Көрнекі фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі полиция қызметкерлерімен кездесті. Өңір басшысы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмғандардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қанат Бозымбаев президент тапсырмасымен және полиция қызметкерлерінің жауынгерлік рухын көтеру мақсатында арнайы келгенін айтты.

Бүлік кезінде барлық салмақ күштік құрылымдардың иығына түскенін, олардың террорлық шабуылдарға қарсы оқ пен оттың ортасында жүріп ел тыныштығын қорғағандарын ризашылықпен жеткізді.

Сол сияқты қаза болғандардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін де атап өтті.

"Ерен ерліктеріңіз үшін Жетісу жұртшылығының атынан сіздерге зор алғыс айтамын. Лаңкестермен күрес кезінде бірнеше полиция қызметкері қаза тапты. Зардап шеккендер де көп. Бұл тек олардың отбасыларының ғана емес, баршамыздың ортақ қайғымыз. Мемлекет олардың жанұяларын қиындықта жалғыз қалдырмайды.

Біз өз назарымызға алып, қамқорлық жасаймыз. Әрбір қаза болған азаматтардың отбасына 5 млн теңге бір жолғы материалдық көмек көрсетілетін болады. Балаларының оқу ақысына көмектесіп, басқа да қолдау шаралары қарастырылады", - деді Қанат Бозымбаев.

Алдағы уақытта полиция мен арнайы органдар қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетудің кешенді шаралары қарастырылатын болады. Соның ішінде олардың статусын көтеру, штат санын көбейту, тұрғын үймен қамту, көлік және басқа да материалдық техникалық қамтамасыз ету қолға алынады.

"Бұрынғыдай емес, қазір халықтың сіздерге деген көзқарасы өзгерді. Әсіресе, соңғы екі-үш күн ішінде көпшіліктің полицияға деген құрметі артып, олардың қадірін түсінді. Бүгінгі күні де өз міндеттеріңізді лайықты атқарып, халық күзетінде тұрсыздар. Қиын кезеңде ерен ерлік көрсеткен сіздердің әрқайсыларыңызды біз батыр деп білеміз!", – деді облыс басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1950380-almaty-oblysynda-qaza-bolgan-policeilerdin-otbasyna-5-mln-tengeden-berilmek/