Алматы әкімдігінің шабуыл мен өрттен кейінгі күйі қандай
Жарияланған күні:
Алматы әкімдігінің ғимараты бұзақылардың шабуылынан соң айтарлықтай бүлінген. Оны ғимараттың сырттай көрінісінен байқауға болады, алайда келтірілген залалды құзырлы органдар тек мұқият тексеріс пен қажетті іс-шаралардан соң бағалай алады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналистер әкімдікке Назарбаев даңғылы жағынан ғана баруға мүмкіндік алды, онда да тек қызметтік құжатты көрсеткен жағдайда аумаққа кіруге болады.
Бірнеше телеарна редакциясы орналасқан ғимараттың маңындағы ауладан өртенген автокөлік қалдықтары жатыр. Ғимараттың өзіне де нұқсан келген.
Оқ тиген автокөліктер де бұл сәтте алаңда тұрды.
Сәтпаев көшесі блоктармен жабылған, жақын жатқан көшелерден ол жаққа өту мүмкін емес.
Полицейлер жаяу жүргіншілерді де алаң аумағына жібермейді. Түсірілім жүргізген 10 қаңтар күні Республика алаңына ешкімді өткізген жоқ - онда тергеп-тексеру шаралары жүргізілді.
Сондай-ақ, қала әкімдігі ғимаратынан бөлек, президенттің резиденциясына да нұқсан келген. Ғимаратты өрт шалған, ішкі әрлеуі де бүлінген.
Келтірілген шығынды алыстан-ақ бағамдауға болады - іші-сырты жанып кеткен нысандар, сынған әйнектер, айналасында шашылып жатқан күл-қоқыстар, бос қалған пластик бөтелкелер көп.
Бүгін, 11 қаңтарда қала билігі ғимаратты қалпына келтіруге қанша, қандай ресурстар керектігін анықтау үшін тексеруге кірісті. Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың сөзінше, тергеп-тексеру әрекеттерінің жүргізілуіне байланысты қала әкімдігіне бұған дейін бару мүмкін болмаған.
Әкімдік жанында орналасқан A-Parking паркоматының да сау-тамтығы қалмаған. Компания кеше ТЖ кезінде көлік тұрағы үшін төлемеген алматылықтарға айыппұл салынбайтынын мәлімдеді.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын қажеттілік туындамаса үйден шықпауға және ТЖ тәртібін бұзбауға шақырды. Ол мегаполистің тез арада қалыпқа келетініне сенім білдірді. Айта кету керек, бүгіннен бастап, базарлар, ойын-сауық орталықтары жұмыс істей бастады.
Сондай-ақ, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде Алматыдан бақылауды жоғалтқан жағдайда, бүтін елден айырылып қалуымыз мүмкін еді деген мәлімдеме жасады.
Бұдан бұрын Алматы ПД ғимаратын полиция мен әскерилер шабуыл кезінде қалай қорғағанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1950574-almaty-akimdiginin-sabuyl-men-ortten-keiingi-kuii-qandai-foto/