Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде Қарулы Күштер подполковнигі қаза тапқан

Опубликовано:

Сәндібек Қайыров
Сәндібек Қайыров. Фото: Қорғаныс министрлігінің ресми сайты

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары подполковник Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлы қайтыс болған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, Сәндібек Қайыров тірі болса биыл 11 мамырда 40 жасқа толар еді. Ол қызмет барысында өзін сауатты, кәсіби офицер ретінде көрсете білген.

Сәндібек Ғалымоллаұлы Орал облысы Чапаев кентінде (қазіргі Батыс Қазақстан) көпбалалы отбасында дүниеге келген. Өмірін Отан қорғауға арнап, әскери қызметкер болуды бала кезінен армандаған.

Сәндібек Ғалымоллаұлы 2004 жылы Құрлық әскерлері Әскери институтын, 2021 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.

"Қарулы Күштерде взвод командирінен бастап десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымдарына дейін қызмет атқарған. Өз тәжірибесімен бөлісе отырып, жас офицерлерге сенімді, адал әрі лайықты командир ретінде үлгі бола білді.

Мезгілсіз дүниеден өткен Сәндібек Қайыровтың артында жұбайы, ұлы Әбілқайыр және қызы Сабина қалды.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштердің жеке құрамы қаза болған Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлының жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады", - делінген хабарламада.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең, 13 қаңтарда сағат 10:00-де Алматы қаласындағы офицерлер үйінде өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1950837-almatydagy-tartipsizdikter-kezinde-podpolkovnik-qaza-tapty/

pixel