Бомба бар: Қостанайда екі ауыл тұрғыны терроризм туралы жалған хабар таратқан

Опубликовано:

Полицей
Көрнекі фото: piqsels.com

Жітіқара және Сарыкөл аудандарының полициясына терроризм актісі туралы жалған екі хабар келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылдың 31 қаңтарында Жітіқара ауданы полициясының кезекші бөліміне белгісіз ер адам хабарласып, қаладағы балалар ойнайтын алаңдардың бірінде лаңкестік әрекет жасалуы мүмкін екенін айтқан.

”Жедел іздестіру шаралары барысында бұрын бірнеше рет сотталған 53 жастағы Жітіқара қаласының тұрығы анықталып, ұсталған. Ол полицияға мас күйде қоңырау шалған”, - деп түсіндірді департаменттен.

Дәл осындай факт осы жылдың 1 ақпанында Сарыкөл ауданында тіркелді.

”Белгісіз адам полиция бөлімінің ”102“ пультіне хабарласып, аудан орталығындағы тұрғын үйлердің біріне бомба қойылғаны туралы ақпарат ұсынған. Жүргізілген шаралардың арқасында Сарыкөл ауылының 19 жастағы тұрғыны ұсталды, оның бұрын да осындай қылмыс жасағаны анықталды. Ол да мас болып, жарылғыш зат туралы әзілдеп айтқан”, - деді полициядан.

Ведомствоның мәлімдеуінше, екі жағдайда да полиция, төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметтері жұмылдырылған. Мамандар аталған ғимараттар мен аумақты тексеріп шыққан. Тексеріс қорытындысы бойынша, жарылғыш заттар табылмады.

”Аталған фактілерге қатысты полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 273-бабы ”Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау” бойынша тергеуді бастады. Бұл қылмыс түрі бойынша ең ауыр жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады”, - деп қорытты полиция департаментінен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1954518-bomba-bar-qostanaida-eki-auyl-turgyny-terrorizm-turaly-zalgan-xabar-taratqan/

jitsu gif