Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рудныйда әйелді баласымен өртеп жіберді: Оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты (видео)

Опубликовано:

Өрт
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қостанай облысы Рудныйда 16 наурызда ер адам көрші әйел мен оның төрт жасар баласына керосин шашып, өртеп жіберді. Осы жантүршігерлік оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, жантүршігерлік оқиға кеншілер қаласының іргесіндегі станцияда болған. Көпқабатты үйде көршілер жанжалдасып, 44 жастағы тұрғын келіншекке керосин шашып, шырпы тұтатқан. Салдарынан 4 жастағы бүлдіршін зардап шекті. Оның денесінің 45 пайызын күйік шалған.

"Неге екенін білмеймін. Мен есікті ашқан жоқпын. Сосын жаман иіс болды. Керосиннің иісі ме бірдеңенің иісі. Кішкентай бала да бақырып жылады", - деді кент тұрғыны Әлия Сисенова.

Жапа шеккен келіншек тілшілерге есік ашпаған. Алайда оның айтуынша, күдікті жиі арақ ішкен. Қатты мас болғанда ешкімге бағынбай кетеді екен.

Әйелдің қос білегін күйік шалған, алғашқы медициналық көмектен соң үйіне жіберілген. Ал зардап шеккен баланың жағдайы ауыр, оның өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.

"Зардап шеккен бала бір сағат бұрын санавиациямен облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Ауыр халде жатыр", - деді облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

Қатігездік танытты деп күдікке ілінген 44 жастағы қала тұрғыны қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты полицейлер мән-жайды ашып айтпаған.

"Адам өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қамауға алынды. Қазіргі уақытта  тергеу амалдары жүргізілуде. Департамент басшысының жеке бақылауында", - деді Қостанай облысы ПД тергеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құсайынов.

Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Материал авторы: З. Санай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1961371-rudnyida-aieldi-balasymen-ortep-ziberdi-oqigaga-qatysty-zana-derek-syqty-video/

pixel