Жамбыл облысында құлаққап киген жасөспірім пойыздың астына түсіп қаза тапты

Опубликовано:

пойыз рэлсі
Көрнекі фото: pixabay.com

Жамбыл облысында темір жол рельсінің арасымен келе жатқан 16 жастағы жасөспірім жүк пойызының астына түсіп, қаза тапты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қайғылы оқиға Боранды бекетіне жақын жерде болған.

Куәгерлердің сөзінше, жасөспірім темір жол рельсінің арасында келе жатқанда жүк тиеген пойыз қаққан. Машинист сигнал бергенін, пойызды тоқтатуға әрекеттенгенін, алайда қайғылы жағдайдың алдын ала алмағанын жеткізді.

Телеарнаның дерегінше, пойыз жасөспірімді қаққан уақытта баланың құлағында құлаққап болған. Сондықтан жақындап қалған пойыздың дауысын естімеуі мүмкін.

Одан бөлек марқұмның көпбалалы отбасыдан екені, теміржол рельсінің арасынан үйін жылыту үшін жиі отын жинағаны белгілі болды.

"Оқиға Боранды-Сурум аралығының 1-ші пикетінің 3444-ші шақырымында болды. 44 вагоннан тұратын пойыз жүргізушісі шұғыл тежегіш тетігін қолданған, бірақ бұның алдын алу мүмкін болған жоқ. Біз облыс тұрғындарынан теміржол ережелерін сақтауды және балаларына ережені орындауға үйретуге шақырамыз", - деп хабарлады Боранды станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Шамиль Керімбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1962486-zambyl-oblysynda-qulaqqap-kigen-zasospirim-poiyzdyn-astyna-tusip-qaza-tapty/