Павлодар облысында еріген қар суы көпбалалы отбасының үйін басып қалды (видео)
Опубликовано:

Павлодар облысының Рождественка ауылында тұратын көпбалалы отбасының үйін ергін қар суы басып қалды. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық ТДЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, үйді су басу оқиғасы 31 наурыз күні сағат шамамен 17:47-де тіркелген.
Ауыл әкімі Рашид Галеевтің айтуынша, су басқан үй ауылдағы Абай көшесінде орналасқан.
"Бұл көше өзге көшелердің деңгейінен төмен орналасқан. Еріген қар су осы көшеге үлкен ағынмен барды", - дейді ауыл әкімі.
Оның сөзінше, үйін су басқан көпбалалы отбасы Розовка ауылындағы әжесінің үйіне уақытша қоныстанған.
Рашид Галеев еріген қар суы ауыл ішін лезде басып қалғанын айтады.
Облыстық ТДЖ-ның дерегінше, жалпы ауылда 5 тұрғын үй мен 30 ауланы су басқан.
Қазіргі таңда Рождественка ауылында еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда. Оған төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында Ноғайты өзені арнасынан асып, Сағыз ауылының тұрғындарын әбігерге салған еді. Су деңгейі шамамен 3 метрге көтерілген.
Салдарынан ауылды су басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1963066-pavlodarda-erigen-qar-suy-kopbalaly-otbasynyn-uiin-basyp-qaldy-video/