"Өздері қоңырау шалған": Шымкентте өрт сөндірушілер жертөледе отпен ойнаған екі баланы құтқарды (видео)

Опубликовано:

Өрт сөндіруші
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шымкенттік өрт сөндірушілер жертөледен шыққан өрттен екі баланы құтқарды. Төтенше жағдай 10 мамыр күні кеші сағат жеті шамасында болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"112" құтқару қызметіне Шымкент қаласы Абай ауданындағы құрылысы бітпеген ғимараттың жертөлесінен өрт шыққандығы туралы хабарлама түскен. Құтқарушыларға жертөледен балалардың өздері хабарласқан.

ТЖД мәліметінше, 2011 және 2012 жылы туған екі бала отпен ойнап, жертөленің ішін қара түтін басқан. Қалың түтіннен балалар сыртқа шыға алмай қалған.

Мамандардың айтуынша, балалар түтін салдарынан өздері кірген есікті таба алмапты. Оқиға орнына Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мамандандырылған жасақ қызметкерлері жеткен.

Түтінге тұншығып, үрейге бой берген балалармен "112" қызметкерлері үнемі хабарда болып, іс-қимылдар тәртібін түсіндіріп отырған. Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша балалар үстіндегі киімдерімен тыныс жолдарын жауып, барынша түтіннен қорғану амалдарын жасаған.

"Өрт орнына тез жеткен мамандандырылған жасақтың қарауыл бастығы Письменский, аға өрт сөндірушілер Сихымбаев, Лескен, ГТҚҚ аға шебері Қуантай тез арада қою түтінге оранған жертөлеге кіріп, талықсып жатқан балаларды дер кезінде арнайы тыныс алу аппараттарының көмегімен сыртқа шығарды. Кейін дәрігерлер қолына табыстаған. Осылайша өрт сөндірушілер 2 баланың өмірін құтқарып қалды", - делінген қалалық ТЖД баспасөз хабарламасында.

Жертөледе аумағы алты шаршы метр болатын қоқыс жанған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1968746-ozderi-qonyrau-salgan-symkentte-zertolede-otpen-oinagan-eki-balany-ort-sondirusiler-qutqaryp-qaldy-video/

jitsu gif