Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жетісу облысында екі көпірді су шайып кетті (видео)

Опубликовано:

көпір
Оқиға орны. Видеодан кадр: instagram.com/taldykorganec.7282

Жетісу облысында толассыз жауған жаңбыр салдарынан Шанханай ауылының маңында салынып жатқан екі көпірді су шайып кетті. Бұдан бөлек, елді мекендегі бірнеше үйдің ауласын су басқан. Төтенше жағдай туралы Кербұлақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиғаның видеосы Instagram әлеуметтік желісіндегі taldykorganec.7282 тобында жарияланды.

Автор 15 маусым күні Сарыөзек-Көктал-Майтөбе тас жолындағы екі көпірді жаңбыр суы шайып кеткенін жеткізген. Кадрдан судың қатты ағысына шыдамай құлаған көпірді аңғаруға болады.

Кербұлақ ауданының әкімдігі төтенше жағдайды растап отыр. Ведомство мәліметінше, Шанханай ауылының маңында салынып жатқан көпірлерді су шайып кетті.

"Жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Майтөбе өзенінде су деңгейі көтерілді.

Салдарынан облыстық маңызы бар Сарыөзек-Көктал-Майтөбе тасжолының 16 және 18 шақырымында салынып жатқан құбырлы екі көпірді су шайып кеткен. Қазіргі уақытта жауын-шашын тоқтап, су деңгейі төмендеді. Зардап шеккендер жоқ.

Шанханай ауылына айналма жол бар. Елді мекендегі бес үйдің ауласы су астында қалды", - деп хабарлады Кербұлақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметінің 20 маманы және бір арнайы техника жұмыс істеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1974374-zetisu-oblysynda-eki-kopirdi-su-saiyp-ketti-video/

pixel