Қарағанды облысында 233 адам дала өртін сөндіруде (фото)
Опубликовано:

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы екі ошақта табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Мамандар өртті жерден де, әуеден де сөндіріп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнында Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, өртке қарсы ерікті құралымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, орман шаруашылығының, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, полицияның, "Алтай полиметалы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күштері мен құралдары, барлығы 233 адам мен 45 бірлік техника жұмыс істеуде.

Сонымен қатар ТДЖ өртті сөндіруге суағар құрылғылары бар 2 тікұшақ жұмылдырылғанын атап өтті.

Бұдан бөлек ведомство оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылып, жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.
Өрттің жалпы ауданы шамамен 1089 га құрайды.

Мамандардың айтуынша, тілсіз жауды сөндіруге бірнеше фактор кедергі келтіруде. Олар - өрттің таулы-жартасты аумақтан шығуы, маңында су қоймалардың болмауы және жел.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан маңындағы өрт екі тәуліктен кейін сөндірілген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1975538-qaragandy-oblysynda-233-adam-dala-ortin-sondirude-foto/