Талғарда жас ананы көлік қағып кетті: Жергілікті тұрғындар жолға қатысты наразылық білдіруде
Жарияланған күні:
Алматы облысы Талғар ауданында жас ананы көлік қағып кетті. Абырой болғанда, әйел аман қалған. Қазір ол ауруханада жатыр. Осы орайда ауыл тұрғындары билікке "жаяу жүргінші жолын жарықпен қамтамасыз етсін" деген талап қойып отыр. Себебі, дәл сол жерде жол апаты жиі болатын көрінеді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Теренқара ауылының тұрғындары "Балаларымызды мектепке жіберуге де қорқамыз" дейді. Олардың сөзінше, бір күнде ауылда екі жол көлік апаты болған. Соның бірінде жас ана зардап шегіп, ауруханаға түскен.
"Сол жерде үнемі жол апаты болады. Өткен жылы адам өліміне алып келген жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мектеп автобустарының бәрі көбіне сол жерге тоқтайды", - деді елдімекен тұрғыны Мира Маймарова.
Теренқаралықтар билік өкілдеріне аталған мәселені шешіп берсін деп бірнеше рет жүгінгенін, алайда еш нәтиже болмағанын жеткізді.
Ал жергілікті билік өкілдері болса, жол облыстық маңызға ие болғандықтан, мәселені шеше алмайтынын айтып отыр.
"Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиісті хат жолдаған едік. Біз өз қаражатымызға бұл жолды жарықтандыра алмаймыз. Бұл мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Сонымен қатар көлік жүргізушілерінен де кінә бар. Қатты жылдамдықпен жүреді", - деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев.
М. Жақан
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1983899-talgarda-zas-anany-kolik-qagyp-ketti-zergilikti-turgyndar-zolga-qatysty-narazylyq-bildirude/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.