Алматы облысындағы зауытта болған төтенше жағдайдан 1 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті
Жарияланған күні:
Алматы облысының Өтеген батыр кентіндегі зауытта газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан 5 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ өңірлік ТЖД-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, 31 тамыз сәрсенбі күні сағат таңғы 10:21-де Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлама келіп түскен.
Хабарламада Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кетінде орналасқан PolpanInsulation ЖШС зауытының жылу оқшаулағыш плита өндіретін ғимаратында газ-ауа қоспасының жарылғаны айтылған.
Жоғары ранг бойынша шақыртуға дереу өрт сөндіру бөлімшелері жіберілген.
"Сағат 10:24-те оқиға орнына келген мамандар 50 шаршы метр алаңда екі қабатты ғимараттың қабырғасының қаптамасы жанып жатқанын, сондай-ақ жарылыс салдарынан ғимарттың шатыры мен қабырғасы (жалпы ауданы 1250 шаршы метр) опырылып түскенін анықтаған", - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндірушілер сағат 10:35-те өртті ауыздықтап, 10:50-де толықтай сөндірген.
"Төтенше жағдай салдарынан 5 адам орташа ауыр жарақат алып, бір адам көз жұмды. Өртті сөндіруге Алматы облыстық ТЖД 15 қызметкері мен 4 техникасы қатысты. Сонымен қатар оқиға орнында полиция қызметкерлері мен 3 жедел жәрдем бригадасы және басқа да өзара іс-қимыл қызметтері жұмыс істеді. Өрт пен газ-ауа қоспасының жарылу себебі анықталып жатыр", - деп қосты облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1985571-almaty-oblysynda-bolgan-ortten-1-adam-qaza-tauyp-5-adam-zardap-sekti/