Алматы облысында жүк пойызы жүздеген қойды қағып кетті (видео)

Опубликовано:

Оқиға орны
Скриншот. Фото: Instagram.com/koliktegi_pd

Бүгін, 12 қыркүйек күні Алматы облысының "Жетіген – Құрөзек" аралығында темір жолдан өтіп бара жатқан бір отар қойдың 123-ін жүк пойызы қағып кетті, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаменті Instagram парақшасында.

Ведомствоның хабарлауынша, оқиға бүгін, 12 қыркүйек күні сағат 01.24-те Алматы облысында болған.

"Бүгін, 12 қыркүйек күні Алматы облысының "Жетіген – Құрөзек" аралығында жүк пойызының машинисі темір жолдан өтіп бара жатқан бір отар қойды байқап, шұғыл тежеу қолданған.

Алайда, қақтығыстың алдын алу мүмкін болмады. Соның салдарынан 530 бас қойдың 123-і пойыз астына түсіп өлді. Пойыздың тұрағы 13 минутты құрады", – деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.

Оның айтуынша, оқиға орнына Алтынкөл стансасындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетіп, жүргізілген іс-шаралар барысында малдың иесін анықтаған. Ол Алматы облысы Туғанбай ауылының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.

"Аталған азамат ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді полиция генерал-майоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1987387-almaty-oblysynda-zuk-poiyzy-zuzdegen-qoidy-qagyp-ketti-video/