Атырау облысында дизель отыны құйылған автоцистерна жарыла жаздады

Опубликовано:

өрт сөндіруші
Өрт сөндіруші. Көрнекі фото: pexels.com

Атырау облысында өрт сөндірушілер Құлсары-Теңіз тас жолында дизель отыны құйылған автоцистернаның жарылуының алдын алды. Оқиға 16 қазан күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Қазақпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Құлсары-Теңіз тас жолының 82 шақырымында дизель отыны құйылған автоцистерналы көлік өртенген.

Оқиға орнына "Теңізшевройл" серіктестігінің өрт сөндіру қызметі барған. Өрт дер кезінде сөндіріліп, жүргізуші алкогольдік сараптамадан өтуге жіберілген. Ол зардап шекпеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт көліктің кабинасынан шыққан. Жүк бүлінбеген. Қазір аталмыш факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы жолда көліктің жарылған сәтінен видео тараған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1992980-atyrau-oblysynda-dizel-otyny-quiylgan-avtocisterna-zaryla-zazdady/