Алматы маңында жол жиегінде тұрған 28 жастағы әйелді қызымен бірге көлік қағып кетті

Опубликовано:

жол
Жол. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында жол жиегінде тұрған 28 жастағы әйел мен оның қызын көлік қағып кетті. Апат салдарынан олар оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы полиция департаментінің басылымға берген дерегінше, 20 қазанда сағат 09:50 шамасында Mercedes автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, жүргізуші "Алматы-Алатау" автожолымен батыс бағытта 4 шақырым жүріп, Тұздыбастау ауылының маңында алдында кетіп бара жатқан көлікті басып озу барысында, рөлді басқара алмай, жол жиегінде тұрған 28 жастағы әйел мен оның қызын қағып кеткен.

Басылым мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы салдарынан Алматы қаласының 28 жастағы тұрғыны мен оның қызы оқиға орнында мерт болған.

Жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта ол ұсталып, Талғар аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қылмыстық істі тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылауға алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1993635-almaty-manynda-zol-zieginde-turgan-28-zastagy-aieldi-qyzymen-birge-kolik-qagyp-ketti/