Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысында қолайсыз ауа райы салдарынан 50 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Опубликовано:

жол апаты
Қарағанды облысындағы жол-көлік оқиғасы. Фото: Telegram/POLICE_of_KZ

Қарағанды облысында қар мен көктайғақ салдарынан тәулік ішінде 50 жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, бірнеше жол-көлік оқиғасынан 17 адам әртүрлі жарақат алған.

Мысалы, кешкі сағат 20.00 шамасында 30 жастағы Lada Vesta автокөлігінің жүргізушісі Қарағанды қаласындағы Университет көшесінен Бұқар Жырау даңғылына бағыт алып бара жатып, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде 17 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шегуші әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

"Қарағанды – Қарқаралы тас жолындағы көктайғақ салдарынан екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мәселен, сағат 09.50 шамасында аталған тас жолдың 195-шақырымында Ravon Nexia автокөлігінің 50 жастағы жүргізушісі алдын ала болжам бойынша жолдың қарсы бағытына шығып, КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Ravon Nexia автокөлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, аталған көліктің 61 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.

Сағат 18.26 шамасында Шешенқара – Ащысу тас жолында Lexus және Volkswagen Passat көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Жол апаты салдарынан 62 жастағы Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі оқиға орынында қайтыс болды", – дейді Қарағанды облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зәрубаев.

Сондай-ақ 9 қараша күні түнгі сағат 01.30 шамасында Шахтинск – Қарағанды тас жолында ВАЗ-217230 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол қоршауына соғылып, кейін аударылған. Жол апатынан қайтыс болғандар жоқ.

"Ауа райының тұрақсыздығынан, сондай-ақ жолдың тайғақ болуына байланысты жүргізушілерден жылдамдық режимін асырмай, қарапайым жол жүру ережесін қатаң сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол өткелдерінен өту кезінде сақтық шараларын сақтауды, белгіленбеген жерден өтпеуді ескертеміз", – дейді Қуаныш Зәрубаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1996399-qaragandy-oblysynda-qolaisyz-aua-raiy-saldarynan-50-zol-kolik-oqigasy-tirkeldi/

pixel