Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды облысында көп қабатты үйдегі пәтерден шыққан өрт салдарынан 6 адам қаза болды

Жарияланған күні:

Өрт шыққан көп қабатты үй
Өрт шыққан 5 қабатты тұрғын үй. Оқиға орнынан фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қарағанды облысы Ақтау кетіндегі 5 қабатты тұрғын үйдегі пәтерден шыққан өрт салдарынан 6 адам көз жұмды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында.

Ведомствоның мәліметінше, 16 желтоқсан күні сағат 01:51-де Теміртау қаласының, Ақтау кентіндегі (жақын жердегі өрт сөндіру бөлімінен 27 шақырым жерде) 5 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жеткен. Оқиға орнына келген құтқарушылар бірінші қабаттағы 3 бөлмелі пәтерден өрт шыққанын анықтаған. Өрт 40 шаршы метр аумақты қамтыған.

Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері келгенге дейін тұрғындар 5 адамның денесін (2007, 2010 жылы туған ұл балалар, 1983, 1991 жылы туған әйелдер және 1991 жылы туған ер адам) кіреберістен көшеге алып шыққан. Зардап шеккен адамдар жоғарғы қабаттардағы пәтерлерден түтін басқан кіреберіс арқылы өз бетімен қауіпсіз жерге шықпақ болған.

Баспалдақ алаңында ашық жану болмаған, алайда түтіннің көп мөлшердегі концентрациясы салдарынан тұрғындар далаға шығып үлгермеген.

"Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде барлау және жанып жатқан пәтердегі өртті сөндіру барысында алтыншы марқұмның (1977 жылы туған ер адам) денесі табылды. Үш адам әр түрлі дене жарақатын алған (ауырлығы орташа).

Сондай-ақ өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды оның ішінде 4 баланы құтқарды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілді", - дейді ТЖМ өкілдері.

Өртті жоюға Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылған.

ТЖМ қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатқанын, оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ өрттің шығуына себеп болған жағдайларды зерделеу үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов келген.

Сонымен қатар өрт фактісі бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2001839-qaragandy-oblysynda-kop-qabatty-uidegi-paterden-syqqan-ort-saldarynan-6-adam-qaza-boldy/