Алматыда автобус пен инкассатор көлігі соқтығысып қалды (видео)
Опубликовано:

25 желтоқсан, жексенбі күні Алматыда Абай даңғылының бойында автобус пен инкассатор көлігі соқтығысып қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол апатының видеосы Instagram-дағы kris__p__almaty парақшасында пайда болды.
Кадрдан автобустың соққысынан инкассатор көлігі аударылып қалғанын байқауға болады. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
"ГАЗ" маркалы автокөлігін басқарған 1982 жылғы жүргізушісі Абай даңғылының бойында, 141 үйге қарама-қарсы тұста, оңтүстік бағытта кері бұрылып, Абай даңғылымен батыс бағытта келе жатқан, 1967 жылғы азамат тізгіндеген Golden Dragon автобусымен соқтығысқан", – дейді полицияның баспасөз қызметінің өкілдері.
Салдарынан инкассатор көлігінің жүргізушісі зардап шеккен.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, зардап шеккен ер адамды медицина қызметкерлері қарап, кейін үйіне қайтарған. Көлік жүргізушісін ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмаған.
"Қазір бұл деректі аумақтық жағынан Алмалы ауданының полиция қызметкерлері қарап жатыр", - деп қосты құзырлы органның баспасөз қызметіндегілер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2003061-almatyda-avtobus-pen-inkassator-koligi-soqtygysyp-qaldy-video/