Түркістан облысында оқушы қызды өлтірді деген күдіктілерге қатысты жаңа деректер шықты
Жарияланған күні:
Түркістан облысында оқушы қызды өлтірді деген күдіктілерге қатысты жаңа деректер шықты. Қайтыс болған қыздың туыстары күдіктілер жазадан жалтарып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, Төрткүл ауылындағы 9 сыныптың оқушысы сол мектепте оқитын 11 сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы "миллион теңге бермесең, жалаңаш фотоңды әлеуметтік желіге жариялаймыз" деп бопсалаған.
Телеарнаға сұхбат берген марқұмның туыстары қомақты соманы таба алмаған 15 жастағы қызды пышақтап, денесін суға ағызып жіберген дейді.
Қазір қос күдікті қамалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда марқұмның туыстары олар жазадан жалтарып кете ме қорқатынын жасырмайды. Себебі: ұсталғандардың бірі экс-әкімнің ұлы болса, екінші күдікті ауқатты отбасынан шыққан.
Телеарна дерегінше, кешке үйдегілер ұйқыға кеткенде жасөспірім қыз сыртқа шығып, қайта оралмаған. Оның үйден соңғы мәрте шыққаны көрші үйдің қорасына қойылған бейнекамераға түсіп қалған.
"Соңғы мәрте, алтысында менен ақша сұрады, қызым. Сосын мен айттым, "әкеңнен сұрашы" деген едім, "мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар" деді. Сөйтіп, менің қызымның әдеті бар, күліп-ойнайтын да, сосын, "неғыласың ол ақшаны" деп, қайта-қайта сұрап едім, "мама, мен шетелге кетем" деді. Міне, шетелге кетті ғой. Осы екі бала бопсалаған. "Ақша бермесең, масқараңды шығарам, сенің суретіңді шығарам деген", - дейді марқұмның анасы Динара Зілғараева.
Марқұм болған Аружан мен 11 сыныптағы күдікті туралы мектептегілер тек қана жақсы жағынан білетінбіз дейді. "Екеуінің өзара қарым-қатынасы туралы енді естіп отырмыз" деген мұғалімдер күдіктінің момын екенін айтады.
"Ешқандай аутодиструктивті мінезқұлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама нәтижесінде, ол өзі сәл қорқақтау бала, сондай қаттырақ сөйлесең жылап қалатын, сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық", - дейді Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Коспанов.
Қазіргі таңда полицейлер кісі өлтіру дерегімен іс қозғап, сараптама тағайындаған.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2017168-turkistan-oblysynda-oqusy-qyzdy-oltirdi-degen-kudiktilerge-qatysty-zana-derekter-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.