Ақтөбе облысында желдің екпінімен дәретханаға түсіп кеткен бүлдіршін мерт болды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Шалқар қаласында 3 мамыр күні дәретханаға түсіп кеткен екі жарым жасар бүлдіршін бірнеше күннен соң ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, бүлдіршін сырттағы дәретханаға 6 жастағы бауырымен барған. Қатты соққан желден бала дәретхана шұңқырына түсіп кеткен.
Қазіргі уақытта баланың ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Баланы шұңқырдан туысқандарының бірі алып шықты. Жедел жәрдем шақырып, санавиациямен қалаға жеткізілді. Алайда бала бірнеше күннен кейін қайтыс болды. Ата-анасына қатысты 141-бап "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - дейді облыстық полиция департаментінің өкілі.
Құзырлы орган мәліметінше, баланың анасы оқиға болған күні қалаға үлкен баласын ауруханаға қаратуға кеткен. Ал әкесі жұмыста болған. Сол күні үйде ересек туыстары болған.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2019946-aqtobe-oblysynda-zeldin-ekpinimen-daretxanaga-tusip-ketken-buldirsin-mert-boldy/