"Бүтін бір отбасы қаза болды": БҚО-дағы жантүршігерлік жол апаты туралы жаңа дерек шықты
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгінгі брифингте БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин 6 адам қаза болған жантүршігерлік жол апатына қатысты мән-жайды айтты. Анықталғандай, жол апатынан ерлі-зайыпты мен төрт баласы мерт болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жанболат Жаншиннің сөзінше, 17 қыркүйек күні БҚО-ның Теректі ауданы, Бекей кентінің маңында янғи, Самара - Шымкент тасжолында болған жол апаты кезінде екі көлік соқтығысқан.
"Біреуі жүк көлігі, Ақтөбе қаласында тіркелген, екіншісі біздің облысымызда тіркелген – Lada Priora. Алдын ала мәлімет бойынша, Lada Priora көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, DAF көлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан алты адам: жүргізуші мен бес жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Қайтыс болғандар бір отбасы – ата-анасы мен төрт баласы екені анықталды. Оқиға орнына өзім бардым", – дейді Жанболат Жаншин.
Жанболат Жаншиннің пайымдауынша, көлік жүргізушісі қалғып кеткен немесе ойы бөлініп кеткен.
"Priora Круглоозерныйдан шыққан. Біздегі мәлімет бойынша отбасы ол жерге 16 қыркүйекте барған, сол жерде бір іс-шара болған. Кейін 17-сі күні кешке қарай Круглоозерныйдан шығып, үйлеріне – Сырым ауданына бара жатқан. Ерлі-зайыптының екеуі де Сырым аудандық білім бөлімінде жұмыс істеген, оқытушылар.
Туыстарының айтуынша, жүргізуші ішімдік ішпеген. Сараптама тағайындалды, нәтижесі шыққанда бәрі белгілі болады", – дейді Жанболат Жаншин.
Сондай-ақ полиция өкілінің айтуынша, DAF жүргізушісі де Lada Priora-ның қарсы жолаққа шығып кеткенін айтқан. Ол көлігінің шамын жағып, марқұм жүргізушіге сигнал берген, бірақ ешқандай реакция болмаған. Жүк көлігінің жүргізушісі жол апатын болдырмас үшін оңға бұрылмақ болған, бірақ сол сәтте Lada Priora жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысып, аударылған. DAF көлігін басқарған адам мас күйде болмаған. Ол да зардап шеккен.
Естеріңізге сала кетейік бұған дейін БҚО-да ірі жол апаты болып, салдарынан екі ересек адам мен төр баланың көз жұмғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2037081-butin-bir-otbasy-qaitys-boldy-bqo-dagy-zantursigerlik-zol-apaty-turaly-zana-derek-syqty/