"Денесін дәретханаға тастап жіберген": Семейде 4 жасар баланың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр
Жарияланған күні:
Семейде анасы бала күтушісіне қалдырған 4 жасар баланың өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр. Жантүршігерлік оқиға туралы әлеуметтік желіде НеМолчиKZ қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазба жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қоғам белсендісінің мәліметінше, анасы баласын күтушіге қалдырып кеткен, ал қайтып келгенде бала күтуші бүлдіршін танысында екенін айтқан.
"Бала күтушінің айтуынша, бүлдіршін ұстамадан көз жұмған, кейін күйеуі баланың денесін спорттық сөмкеге салып, тас жолдағы дәретханаға тастап жіберген. Оқиға қыркүйек айының басында болған", - деп жазады Дина Таңсәрі.
Қоғам белсендісі қылмыстық істің жан-жақты тергелуін сұрайды.
Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл істің департамент пен прокуратура басшылығының ерекше бақылауында екенін хабарлады. Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынған.
"Полиция департаментінің Тергеу басқармасы төрт жасар баланың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Күдікті ұсталды, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде", - дейді ПД ресми өкілі Дина Әмренова.
Ол қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге деректер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етілуге жатпайтынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2038325-denesin-daretxanaga-tastap-zibergen-semeide-4-zasar-balanyn-olimine-qatysty-tergeu-zurip-zatyr/