Тасқынға ерте қамданған: БҚО-да өзен-көлге бай Жаңақала ауданын су баспады
Жарияланған күні:
БҚО-да 3 өзен мен 18 көлі бар Жаңақала ауданы көктемгі тасқыннан зардап шекпеді. Аймақтағы төтенше жағдай кезінде бұл ауданға да табиғи апат қаупі төнген еді. Алайда алдын алу шараларын уақтылы жүргізу нәтижесінде жағдай қалыпты өтті.
Аудандағы өзен-көлдер, каналдар мен су қоймалары Сарыөзен, Қараөзен, Жайық өзендері арқылы толады. Көктемгі тасқын кезінде ирригациялық жүйелердің бәрі суға тола келді. Бұл ауыл шаруашылығы үшін тиімді болып жатыр. Өткен жылдары судан тарыққан шаруалар биыл мал азығын дайындау оңайға түсетініне сенімді.
"Осыған дейін жайылым мен шабындықты суландырмақ түгілі, мал ішетін су болмай қалды. Біраз қиындыққа кезіккен едік. Биыл жағдай басқаша. Өзен-көлдердегі судың мөлшері көңіл қуантады. Су бар жерде ну бар. Қажетті мөлшерде жем-шөп дайындай аламыз", - дейді шаруа қожалығының басшысы Айбек Тасанов.
Жаңақала ауданында каналдардың жалпы ұзындығы 426 шақырымнан асады. Ирригациялық жүйелердің бойында 112 қақпа қойылған. Былтыр бір каналға механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Қазір көлдер мен көлтабандарға су жіберу жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл сәуір айында 3 ауылдық округті су басу қаупі төнді. Тасқынның алдын алу шаралары уақтылы және тез жүргізіліп, табиғи апатқа жол берілмеді. Сонымен қатар тағы 3 ауылдық округте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалауларға бөгеттер салынып жатыр.
Ауданда ірілі-ұсақты 270 мыңнан астам мал бар. Биыл өзендер мен каналдардан келген су жайылым мен шабындықтарды суландыруға жеткілікті.
"Негізгі су жүйелері бойынша көлдерге тіршілік нәрі келіп жатыр. Тиісті деңгейде суды тиімді пайдалану мақсатында "Қазсушармен" бірге жұмыстар ұйымдастырылу үстінде. Каналдардың 251 шақырымы аудан теңгерімінде, ал қалғаны су шаруашылығы кәсіпорнына тиесілі", - дейді аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев.
Жергілікті мамандар "Қазсушар" кәсіпорнының филиал қызметкерлерімен бірлесіп, ирригациялық жүйелерді суландыру және тіршілік нәрін тиімді пайдалануды бақылайды. Олар өзен-көлдерге мол судың келуі мал азығын дайындаумен қатар, экожүйенің жақсаруына да оң әсер ететінін айтып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2091650-tasqynga-erte-qamdangan-bqo-da-ozen-kolge-bai-zhangaqala-audanyn-su-baspady/