"Айка тізімі": Алматыда жеңгетайлықпен айналысты деп айыпталған блогер қыз сотталды
Жарияланған күні:
Алматыда Айка деген атпен танылған блогерге қатысты сот үкімі шықты. Ол аса ірі көлемде есірткі тасымалдау және жеңгетайлықпен айналысу баптарымен сотталды. Бұл туралы Алматы сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қылмыстық іс Әуезов аудандық сотында қаралған.
"Тергеу органы М.-ны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп, Т. -ны бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деп айыптады", - делінген сот хабарламасында.
Сот отырысы жабық режимде өтті.
Сот таратқан мәлімет бойынша, 2023 жылдың мамыр айында М. (Айка – ред. ескертпесі) аса ірі мөлшерде мефедронды сату мақсатынсыз заңсыз сатып алып, заңсыз тасымалдаған. Ұстау кезінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық затты тәркілеген.
Сондай-ақ М. 2020-2023 жылдары материалдық пайда алу мақсатында пайдакүнемдік мақсатта Т.-мен бірлесіп, қыздарға ақшаға интим қызметін көрсету үшін жеңгетайлық жасаған. Бұл қызмет түрінен М.-ның өзі, кейде сыбайласы Т. арқылы пайданың белгілі бір пайызын алып отырған.
Сотта сотталушылардың кінәсі дәлелденген. М. кінәсін ішінара мойындады, Т. кінәсін мойындаған жоқ.
"Прокурор М.-ға жалпы қылмыс жиынтығы бойынша 4 жылға, Т.-ға 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сот М.-ның жасаған ісіне өкінетінін, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектескенін, жас баласының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. М-ның жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Т.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған", - делінген сот хабарламасында.
Сонымен Айка лақапатымен танылған М.-ға 6 жыл 6 айға, сыбайласына 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылғы желтоқсанда интернетте қазақстандық атақты жұлдыздар, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен қауіпсіздік қызметкерлерінің аты-жөні жазылған "Айка тізімі" тарады. Көп ұзамай ІІМ "Айка тізіміне" байланысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Бұрын "VIP-сутенер" және Love Aika атымен танылған блогер 2023 жылғы 6 маусымда Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен ұсталды. Оған Алматыда жезөкшелер үйін ұйымдастырды және заңсыз есірткі сақтады деп айып тағылып, 20 наурызда осы іс бойынша сот басталды.
Осы жылдың сәуірінде Ішкі істер министрлігінің өкілдері желіге тарап кеткен атышулы "Айка тізімі" ісімен қазір Антикор айналысып жатқанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2104341-aika-tizimi-almatyda-zhenggetailyqpen-ainalysty-dep-aiyptalgan-bloger-qyz-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.