Артында алты баласы қалған: Таразда ерлі-зайыптының өліміне қатысты жаңа дерек шықты
Жарияланған күні:
Таразда жантүршігерлік оқиға болды. Отбасылық жанжалдан кейін ер адам өз әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Әйел жансақтау бөлімінде қайтыс болды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарнаның мәліметінше, әйелі мен үйін өртеген 54 жастағы азаматтың өлі денесі үйіне жақын маңнан табылған. Алдын ала болжам бойынша, күдікті өзіне қол жұмсаған.
Қайғылы оқиға түнгі сағат 23:00 шамасында қала маңындағы жеке секторда болған. Куәгерлердің айтуынша, өртенген үйдің иесі жақында түзеу мекемесінен шыққан. Алайда көршілері бұл азаматтың теріс қылығын көрмедік дейді.
"Қарапайым отбасы. Біз алғаш келгенде үйлері күркетауықтай кішкентай ғана болатын. Екеуі де еңбекқор, өз еңбектерімен осы үйді тұрғызды. Жақында ғана шатырын салған. Енді пендеміз ғой, ненің ортасына кіріп кеткенін, орталарында не болғанын естіп-білген жоқпыз. Балаларын туысқандарының үйіне түнде алып кетті", - деді көршісі Ділдә Сыдыманова.
Өрт болған кезде балалар үйде болмаған. Денесінің 98 пайызын күйік шалған әйел жедел жәрдеммен жансақтау бөліміне жеткізілген, алайда таңға жуық жан тапсырды.
"Түрмеден жуырда ғана босталыған 54 жастағы ер адам әйелімен тұрмыстағы жанжал кезінде өз үйін өртеп жіберген. Денесін күйік шалған әйел ауруханада қайтыс болды. Күдікті оқиға орнынан жақын маңнан өлі күйінде табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Аталған деректерге қатысты қажетті сараптамалар тағайындалды", - деді Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Құндыз Бөгенбаева.
Бір күнде ата-анасы мен баспанасынан айырылған балалардың ең кішісі үш жаста, ал үлкені 22 ге толған. Бұл оқиғадан кейін тұрғындар туысқандарының үйін уақытша паналаған балаларға қандай да бір көмек бермек ниетте.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2142889-artynda-alty-balasy-qalgan-tarazda-erli-zaiyptynyng-olimine-qatysty-zhanga-derek-shyqty/