Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өрт: алдын ала сот тыңдауы басталды
Жарияланған күні:
Алматыда хостелдегі өрттен 13 адам қаза тапқан оқиға бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Сот алдында екі адам жауап беріп жатыр: хостелді жалға алушы және дабыл белгісін орнату компаниясының басшысы. Екеуі де өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген күдікке ілінген.
Телеарна хабарына қарағанда, қонақүйді басқарушы сот процесіне қашықтан қатысып, бірден өзінің түрін көрсетуге тыйым салған.
Ал екінші күдікті журналистермен ашық сөйлесті. Оның айтуынша, олар хостел ашылғанға дейін бір жыл бұрын тұрғын емес ғимаратта жұмыс жүргізген.
"Біз бұл хостел ашылмай тұрып, бір жыл бұрын мүлдем басқа бөлмеде жұмыс істедік. Біз техникалық паспортқа сәйкес тұрғын емес орын ретінде жасадық. Ол кезде ғимарат бос болатын және 2006 жылғы техникалық паспортқа сай келетін", - деп түсіндірді күдікті Александр Пекельник.
Қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында таңертең ерте болған. Өрт дәлізде орналасқан жертөле бөлмесінде басталған, онда матрастар болған. Болжам бойынша, дәл сол матрастар өртенген. Оқиға кезінде хостел ішінде 72 адам болған, олардың 59-ы сыртқа шығып үлгерген. Кейбіреуін қолмен көтеріп шығарған. Бірақ 13 адамды құтқару мүмкін болмады. Олар улы газдан уланып қаза тапты.
Қаза тапқандардың арасында 19 жастағы үшінші курс студенті болған. Дулат Талдықорғаннан келген, ақпараттық технологиялар факультетінде оқып, жұмыс та істеген. Ұлының қаза тапқанын ата-анасы оқиғадан бір күн өткен соң ғана білген. Әкесі Дулаттың хостелге университет жатақханасында орын болмағандықтан көшіп барғанын айтты.
"Ол маған қоңырау шалды. Жанында оқу мен әскери кафедраға жақын жақсы, жаңа жатақхана ашылғанын айтты. Суреттер жіберді: бәрі таза, ұқыпты, жаңадан жөндеуден өткен. "Сол жерде тұрамыз, әке. Әке, үлгермей жатырмын: жұмыс, кафедра. Ерте тұру керек. Осында ыңғайлы" деді. Ол кезде жертөле екенін білмедім. Менің балам өте адал, сабырлы болатын. Шылым шекпейтін, ішімдік ішпейтін. Өте жауапты еді. Әскери болуды армандайтын", - дейді қаза тапқан жігіттің әкесі Бақытжан Әлімбаев.
Айыпталушылар тағылған айыппен келіспей отыр. Хостелді жалға алушының адвокаты ғимаратты біреу қасақана өртеген болуы мүмкін екенін айтады.
Қорғаушының нұсқасы бойынша, таңертең белгісіз біреу ғимаратқа кіріп, қонақтарды тонамақ болған.
"Таңғы сағат 5:30-да бөгде адам ғимаратқа кірген. Іште 15 минуттай болған да, бірінші болып жүгіріп шыққан. Содан кейін өрт шыққан. Бұл қылмыстық іс сол адамға қатысты қозғалды, ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған. Іс материалдары бойынша, жақын маңдағы хостелдерде де телефондар мен ноутбуктер жоғалып кеткен", - деді адвокат Асылбек Әбдрайымов.
Қонақүй сол кезде бір жарым ай жұмыс істеген. Хостел ретінде тұрғын үйдің бірінші қабаты мен желдетілмеген жертөле жабдықталған. Қаза тапқандар сол жерде тұрған.
Құжаттарға сәйкес, ол жерде тек дүкен ашуға рұқсат етілген екен. Бірінші күдікті – хостелді жалға алушы – уақытша ұстау изоляторында. Екінші күдікті – сигнализация орнатумен айналысқан компанияның иесі – бостандықта, оған елден шығуға тыйым салынған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін екеуі де 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ғимарат иесі қайда екені белгісіз.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2170128-almatyda-13-adamnyng-omirin-qigan-ort-boiynsha-aldyn-ala-sot-tyngdauy-bastaldy/