4 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алулардан заңсыз бас тартқан шенеуніктер жауапқа тартылды
Жарияланған күні:
Ақмола облысында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары 3,8 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алулардан заңсыз бас тартқаны үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ аймақ прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қадағалау органының ресми сайтында Ақмола облысы прокуратурасының мемлекеттік сатып алулар саласын заңға сәйкес талдағаны айтылған.
"Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік сатып алулар туралы" Заңын бұзып, ойдан шығарылған себептермен жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын сатып алулардан бас тартқаны анықталды", - деп хабарлайды өкілетті орган.
Мысалы ауданның құрылыс бөлімдерінің бірі нысанның күрделілік деңгейі дұрыс көрсетілмегендіктен, бас жоспар мен басқа да құжаттар болмағандықтан мемлекеттік сатып алудан бас тартқан.
"Бұл жағдайлар мемлекеттік сатып алулардан бас тарту және шарт жасаспаудың заңды себебі бола алмайды", - деп атап өтті Ақмола облысының прокуратурасы.
Осылайша мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері кәсіпкерлердің құқығын, адал бәсекелестік қағидаттарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа алып келген.
Облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша сегіз лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Жыл басынан бері қадағалау органы Солтүстік Қазақстан облысында заң бұзылған 20 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, бюджеттің 7,1 млрд теңгесін сақтап қалған. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде өрескел заң бұзу фактілері анықталып отыр.
Жамбыл облысының прокуратурасы 2,2 миллиард теңге болатын мемлекеттік сатып алу конкурстарын тоқтатты. Деректерді бұрмалау су құбыры нысандарын салу конкурсының жеңімпазын адал емес деп тануға негіз болған.
Автор: Назгүл Назар
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2172070-4-mlrd-tengge-kolemindegi-memlekettik-satyp-alulardan-zangsyz-bas-tartqan-sheneunikter-zhauapqa-tartyldy/