Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде қамыс өртеніп, саяжайдағы үйлерге қауіп төнді (фото)

Жарияланған күні:

өрт
Өрт сөндіру жұмыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде Сазды өзенінің бойындағы қамыс жанып, бірнеше саяжайға қауіп төнді. Кей үйлердің терезесі жалыннан шытынап кеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнында жүр, аумақтағы өрт сағат 16:26 да ауыздықталды, алайда бақылау жұмыстары тоқтаған жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы Сазды өзені бойында 5 га алаң өртке оранды. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, өртенген алқапқа шамамен 130 саяжай үйі жақын орналасқан. Тұрғындар өрттің түскі уақытта басталғанын айтады.

Ақтөбе
Қамыс өрті. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Саяжай аумағы жанып жатқаны туралы хабар ортақ чатқа түсті. Бәріне хабарланды. Басында адамдар өздері сөндірді. Қазір біз оқиға орнында тұрмыз. Қамыс пен саяжайға жақын жерлер жанды. Бір сағаттан кейін өрт сөндірушілер келді", - деді тұрғын Лена Кравец.

Тұрғындар өрт болған өзен аумағында балықшылардың көп жүретінін айтады.

өрт шалған ғимарат
Өрт болған жер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Түсте ауыл тұрғындары сайға бір адамдар келіп от жағып кеткенін көрген. Бұл жерге балықшылар көп келеді, темекі тартады. Тал кесілмейді, қамыс шабылмайды. Былтыр да, алдыңғы жылы да өрт болды. Бықсып жана бастағанда ауылдың адамдары барып сөндірген, шамасы сөнбеген сияқты. Апамның үйі өртеніп кете жаздады. Ыстықтан терезесі шытынап кетті. Гараж өртенді. Үйдің ішіне кіру мүмкін емес. Түтін алып кетті. Барынша көмек келді, сөндіргендей болды", - дейді Лесное бау-бақша ұжымының тұрғыны Гүлсара Еренова.

терезе
Жалыннан шытынаған терезе. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бау-бақша тұрғындары үйлерінен кетпеген. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер жүр.

оқиға орны
Оқиға орны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бізде резерв топ бар. Қаладан барлық бөлімді осында жіберді. Соның ішінде біздің бөлім де бар. Далалық өрт. Ағаштар, қора. Қамыс, алқап жанды. Бірнеше үйге қауіп төнді, аман алып қалдық. Салқындату тәсілін қолдандық. Әлі де осы жерде жүреміз",- дейді өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Нұрдәулет Жаңабай.

Өрт сөндірушілер тұрғын үйлерге қауіп төнбегенін айтады.

өрт сөндірушілер
Өрт сөндірушілер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Лесное маңында қамыс жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына ТЖД гарнизонынан 37 адам, 10 техника жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдардан 10 техника мен 7 адам бар", - деді Ақтөбе облысының ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Айбат Жанабергенов.

ТЖД мәліметінше, аумақтағы өрт сағат 16:26 да ауыздықталды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2172225-aqtobede-qamys-ortenip-saiazhaidagy-uilerge-qauip-tondirdi-foto/