Қызылорда облысында жасөспірім жанжалдан кейін жүрегі тоқтап, көз жұмды
Жарияланған күні:
Қызылорда облысында кәмелетке толмаған бала құрдастарымен жанжалдасып, кеуде тұсынан екі рет соққы алған. Салдарынан жасөспірім көз жұмды. Бұл туралы облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Облыстық соттың Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған сотталушыға қатысты абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, Белкөл кенті орта мектебінің оқушылары тұрғын үйлердің бірінің кіреберісіне жиналған. Кәмелетке толмаған сотталушы кәмелетке толмаған жәбірленушімен жанжалдасып, кеуде аймағына екі соққы жасаған. Нәтижесінде, жәбірленуші жүректің рефлекторлық тоқтауынан оқиға орнында қайтыс болған.
Кәмелетке толмаған сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
"Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушіге соққыдан "кеуде қуысының жабық жарақатынан жүректің рефлекторлық тоқтауы, жіті жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі" жарақаты келтірілгені анықталды.
Сот үкімімен кәмелетке толмаған сотталушы Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2176767-qyzylorda-oblysynda-zhasospirim-zhanzhaldan-keiin-zhuregi-toqtap-koz-zhumdy/