"Балғамен келген": Алматы облысында ер адам әйелін аяусыз соққыға жыққан деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматы облысында ер адам әйелін қатты соққыға жыққан деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желіде әйелдің басы мен қолы жарақаттанғаны түсірілген видео пайда болды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Видео Instagram-дағы Pravda_ot_Saule парақшасында пайда болды. Видеода басына зақым келген әйелдің аурухана төсегінде жатқанын, екі қолы да таңғышпен оралғанын көруге болады.
"Күйеуі оның жұмысына балғамен келген. Басы бірнеше жерден тігілген, қорғанам дегенде екі қолы да сынған. Күйеуі аяусыз соққыға жыққан", - делінген видеодағы жазбада.
Сондай-ақ видеода ер адамның баланың мектебіне жасырын түрде кіруге әрекеттенгені, бірақ директор оны кіргізбегені айтылған.
Осы жайтқа байланысты Алматы облыстық полиция департаменті өкілдері түсініктеме берді.
"Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, соттың санкциясымен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы шешім қабылданып, мән-жайды жан-жақты, толық және объективті тексеру үшін заңда көзделген барлық шара қабылданады. Тергеу барысы бақылауда. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жария етуге жатпайды", - делінген ПД хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2191016-balgamen-kelgen-almaty-oblysynda-er-adam-aielin-aiausyz-soqqyga-zhyqqan-degen-kudikke-ilindi/