"Көзіміз жетті": Астана маңында отқа оранған үйде Құран кітабы ғана жанбай қалған (видео)
Жарияланған күні:
20 қарашада Астана маңындағы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында екі қабатты үй отқа оранып, дүние-мүлік түгел өртенген. Сол күні үй иелері қонақта, немерелері сабақта болған. Олардың айтуынша, Құран кітабы ғана жанбай қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жеке тұрғын үй секторындағы өрт 20 қараша күні от жағу кезінде пештен болған. Салдарынан үйдің төбесі мен қабырғалары, тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешек түгел отқа оранды. Үй иелерінің айтуынша, қабырғада ілініп тұрған қасиетті Құран кітабына түк болмаған.
"Құран кітабы үнемі жоғарыда қабырғада ілініп тұратын. Әкеме өз аталарынан қалған. Әкем өзі кітап жазады, өлең шығарады, шежіреші. Оның кітаптары мен қағаздары өртеніп кеткен. Ал Құранға ештеңе болмағанын көргенде таң қалдық. Басқа нәрсенің бәрі жарамсыз, ал ата-анам бір сәтте баспанасыз қалды", - дейді үй иесінің қызы Жұпар Абдрахманова.
Өрт болған кезде үй иелері қонақта, немерелері сабақта болған. Тұтанған отты кенже баласының жары байқап, тек құжаттарды алып шығып үлгергенін айтады.
"Келініміздің аяғы ауыр еді. Қатты қорқып, күйзеліске түсті. Үлкен ағамның жары да бұл оқиғаны естіп, уайымнан реанимацияға түсіп қалды. Қазір бәріміз сол кісіні уайымдап отырмыз. 70-тен асқан ата-анамыз да сол сәтте абдырап қалды. Жиған-тергенінің бәрі бір сәтте жанып кетті. Қазір анам ағамның үйінде, ал әкем менің қолымда", - дейді Жұпар Абдрахманова.
Жібек жолы ауылы Астанадан 20 шақырым жерде орналасқан. Мұнда жеке меншік секторлардың бәрі көмірмен жылытатын пеш жағады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, газ құбырлары келіп тұр, жергілікті атқамінерлер жыл соңына дейін көгілдір отынға қосуды уәде еткен.
Өрттен зардап шеккен отбасыға халық болып қол ұшын созды. Үй иелері бір күнде 1,5 миллион теңге қаражат жиналғанын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2192219-kozimiz-zhetti-astana-mangynda-otqa-orangan-uide-quran-kitaby-gana-zhanbai-qalgan-video/