Атырауда 10 жасар қыз бассейнге батып кетті: сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Атырау қаласындағы Орталық жүзу бассейнінде өткен жазда 10 жастағы қыз батып кеткен болатын. Бұл іске байланысты Атырау қаласының №2 соты мекеме құтқарушысын кінәлі деп тауып, үкім шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
14 шілдеде 10 жастағы оқушы әпкесімен "Мұнайшы" спорт кешенінің бассейніне кіру үшін бірреттік билет алған. Алғашында олар тереңдігі 1 метр болатын балалар бассейнінде жүрген. Кейін белгісіз себептермен жеткіншек тереңдігі 5,5 метр болатын ересектерге арналған бассейнге түсіп, жүзе алмағандықтан, батып кеткен.
"Құтқарушы тарапынан дер кезінде назар аударылмай, шұғыл түрде көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптары сақталмауы абайсызда жасөспірімнің өлiмiне әкеп соққан. Прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталды. Жәбірленуші тарап келісім шарттарымен келісті. Сотталушы ҚК-тің 306 бабы 3 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-тің 63 бабын қолдану арқылы жаза шартты түрде тағайындалды"- деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Атырау облысында 14 шілдеде "Мұнайшы" стадионындағы бассейнге 10 жасар қыз батып кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2193284-atyrauda-10-zhasar-qyz-basseinge-batyp-ketti-sot-ukimi-shyqty/