Іргеліде шағын автобус баланы басып кетті: куәгерлер қайғылы жайтқа қатысты мән-жайды айтты (видео)
Жарияланған күні:
Кеше Алматы облысындағы Іргелі ауылында жеті жасар баланы автобус басып кетті. Оқиға куәгерлері қайғылы жағдайдың мән-жайын баяндап берді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна ақпаратынша, тұрғындардың бірі баласының оқиғаны өз көзімен көргенін, жеті жасар оқушыны басқа бала итеріп жібергенін айтқан.
"Біз баламызды үйден шығарып жібердік. Одан кейін 13:20-да ол қайтадан үйге келді. Бүкіл денесі дірілдеп жылап тұр. Сол оқиғаның куәгері болған. Оның айтуынша, автобусқа кірген баланы бір бала байқаусыздан итеріп жіберген. Итеріп жібергенде бала құлаған. Құлаған кезде жүргізуші байқамаған. Автобус артқа берген. Сөйтіп бала автобустың астында қалған", - деді ата-аналардың бірі.
Бала таситын микроавтобус бірінші ауысымдағы оқушыларды мектептен әкеліп, артынша, түстен кейін оқитындарды мінгізіп жатқан. Артқа қарай жүре бергенде баланы басып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оқушының жанында анасы болыпты.
Тұрғындар оқиға болған аулада оқушылардың қауіпсіздігіне ешқандай жағдай жасалмағанына шамданды. Жаяу жүргіншілер өткелі мен аялдама мүлде жоқ. Үйлер мен дүкендердің арасындағы қуыстай жерге бала таситын микроавтобус та әрең сияды.
"JAC автобусының жүргізушісі Іргелі ауылы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінің тұрақ аумағында артқа жүрген кезде жеті жасар баланы қағып кеткен, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Меруерт Морякова, Алматы облысы ДП ресми өкілі.
Дереккөз: КТК
Еске сала кетейік, "Асыл Арман" тұрғын үй кешені автотұрағында баланы көлік басып кеткенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2193537-irgelide-shagyn-avtobus-balany-basyp-ketti-kuagerler-qaigyly-zhaitqa-qatysty-man-zhaidy-aitty-video/