Талғарда көшеде пышақ ала жүгірген: полицейлер оқиғаның мән-жайын баяндады
Жарияланған күні:
Бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның басқа бір адамның артынан пышақпен жүгірген видеосы тараған еді. Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты тың мәлімет таратты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ полиция дерегіне сүйене отырып хабарлайды.
Алматы облысы полиция департаментінің Telegram-дағы арнасында жариялаған мәліметке қарағанда, бұл жайт бойынша полицияға хабарлама түспеген, соған қарамастан оқиға Талғар аудандық полициясында тіркеліпті.
"Полицейлер бейнежазбада жазылған оқиғаға қатысушыларды жедел анықтап, заң аясында қажет шараларды қабылдады. Ауданның 37 және 31 жасар тұрғындарын жауапқа тарту үшін полицияға жеткізді", - деп хабарлады полиция өкілдері.
Мәліметке қарағанда, видеодағы екеу – күйеу баласы мен қайнағасы, ал әйел оларды ажыратуға тырысқан.
"Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылардың бір-біріне деген шағымы жоқ", - делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Instagram-дағы парақшалардың бірінде Талғарда болды деген осы жағдайдың видеосы тарады. Көлік ішінде түсірілген видеода екі ер адам көрсетілген. Біреу қашып бара жатса, екіншісі оны қуып жетуге тырысқан. Ал ер адамның қолында пышаққа ұқсас зат болған. Шабуыл жасамақ болған ер адамды әйел адам тоқтатуға тырысқан. Жазбада оқиға таңға жуы болғаны айтылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2201175-talgarda-koshede-pyshaq-ala-zhugirgen-politseiler-man-zhaidy-baiandady/