Алматыда ірі жол апатынан бірнеше адам жарақат алды
Жарияланған күні:
Алматының Алатау ауданында өткен демалыс күндері ірі жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан бірнеше адам зардап шекті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнынан түсірілген видео Instagram-дағы kris.p.karasai парақшасында жарияланды.
Қалалық жол полициясының баспасөз қызметі өкілі NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, жол апаты 15 желтоқсан күні сағат 12:50-де Үлкен Алматы каналы (ҮАК) бойында болған.
"ВАЗ автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі Өтемісұлы көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, тыйым салынған бағдаршам сигналына қарамастан жол қиылысына шыққан. Бұл әрекет салдары бес көлікпен соқтығысуға әкелген", - деп хабарлады ведомство өкілі.
Оқиға салдарынан бес адам зардап шегіп, 21 жастағы ВАЗ жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Қалалық полиция департаментінің тергеу бөлімі апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2201412-almatyda-iri-zhol-apatynan-birneshe-adam-zharaqat-aldy/