Шымкентте үй өртеніп, 52 жастағы әйел қайтыс болды
Жарияланған күні:
Шымкент қаласындағы Абай ауданында тұрғын үйлердің бірі өртеніп, 1972 жылы туған әйел ажал құшты. Қайғылы жағдай 17 желтоқсан күні таңғы сағат алты шамасында орын алған. Қызыл жалыннан орта жастағы азаматша ғана емес 24, 23 және бір жасқа толмаған сәби де зардап шеккен. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт салдарынан үш адам ауруханаға жатқызылып, бір адам қайтыс болған.
"Жану өнімдерімен уланумен (диагнозымен - ред.еск.) үш адам (2000 ж.т, 2001 ж.т., 2024 ж.т.) ауруханаға жатқызылды. Өрт орнынан 1972 жылы туылған әйелдің мәйіті табылды. Өрт сағат 06:44-те оқшауланып, 06:59-да толығымен сөндірілді", - делінген ТЖД хабарламасында.
Сонымен бірге кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Өзге ақпарат Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды", - деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2201439-shymkentte-ui-ortenip-50-zhastagy-aiel-qaitys-boldy/