Солтүстік Қазақстан облысында көпір опырылып, жүк көлігі өзенге құлады (видео)
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданында екі ауылды жалғайтын көпір опырылып түсіп, жүк көлігі өзенге құлады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Оқиға болған жерде түсірілген видео жергілікті skopetro Instagram-парақшасында жарияланды. Ролик авторының хабарлауынша, оқиға сәрсенбі күні Ғабит Мүсірепов ауданында болған. Видеодан жүк көлігінің суда жатқанын анық көруге болады.
Жергілікті аудан әкімдігі осы жазба астына мәлімет жариялады.
"18 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда "Shaсman" автокөлігі жолды қысқарту мақсатында қолдан құрастырылған осы өткелмен өткен.
Өткел Бірлік және Нежинка ауылдарының арасында орналасқан, бірақ ресми түрде автожолға жатпайды. Өткел ауыр салмақты көтере алмай, соның салдарынан жүк көлігі аударылып түскен. Ешкім зардап шекпеді", - деп хабарлады аудан әкімдігі.
Мәліметке қарағанда, сол маңда жүк көлігін өзеннен шығару жұмыстары жүріп жатыр. Одан соң өткелді жөндеу жұмыстары басталады.
Бұған қоса, әкімшілік мәліметінше, көпір құрылысы жобасы дайындалды. Қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2202011-soltustik-qazaqstanda-kopir-opyrylyp-zhuk-koligi-ozenge-qulady-video/