Талдықорғандағы қайғылы оқиға: QazaqGaz Aimaq мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
6 қаңтарда QazaqGaz Aimaq компаниясы бір апта бұрын Талдықорғанда екі қабатты жеке тұрғын үйде газ жарылу оқиғасы тіркелуіне байланысты мәлімдеме таратты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ компания сайтындағы мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
QazaqGaz Aimaq 2024 жылғы 31 желтоқсанда таңертең болған қайғылы жағдайдан зардап шеккен отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Таңғы сағат 7:25-те апат-диспетчер қызметіне төтенше жағдай туралы хабарлама түскеннен кейін, QazaqGaz Aimaq АҚ Жетісу өндірістік филиалының бригадасы оқиға орнына дереу жетті.
Біздің мамандар газ беруді тоқтатып, Жетісу ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті. Үйдің және оған іргелес аумағын тексеру барысында газ қызметінің жұмысшылары су құбыры мен құдықтарында газдану белгілерін анықтады", - делінген хабарда.
Кәсіпорын Талдықорғандағы оқиғадан кейін газ құбырлары қауіпсіздігі тексерілгенін мәлімдеді.
"Қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес, газ желілерін пайдалану және жөндеу қызметінің мамандары төмен қысымды жерасты газ құбырларының герметикалығын тексерді. Ресми тексерулер нәтижелері бойынша, біз қызмет көрсететін газ желілерінде газ ағуы жоқ және олар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр", - делінген хабарда.
Бұған қоса, QazaqGaz Aimaq Талдықорған қаласының және оған жақын орналасқан аудандардың тұрғындарын тергеу нәтижелерінің ресми қорытындысын күтуге шақырып, тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтауға және тек расталған, сенімді ақпарат көздеріне жүгінуге кеңес берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі 31 желтоқсанда Талдықорған қаласында екі қабатты жеке тұрғын үй өртенгенін, өрт сөндірушілер келгенге дейін үйден 7 адам эвакуацияланғанын хабарлаған.
Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәлімет бойынша, сол күні таңертең Талдықорған қалалық ауруханасына апаттан зардап шеккен жеті адам түскен. 52 жастағы бір науқас қайтыс болған. Дәрігерлер аурухананың жансақтау бөліміндегі екі науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалаған.
Бұған дейін Жетісу облыстық полиция департаменті осы істі департамент басшылығы ерекше бақылауға алғанын хабарлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2208687-qazaqgaz-aimaq-taldyqorgandagy-qaigyly-oqigaga-bailanysty-malimdeme-zhasady/